{metadescription}
Жыныста оқушыларды тасымалдайтын автобус жоқ — Түркістан облысы
Жыныста оқушыларды тасымалдайтын автобус жоқ — Түркістан облысы

Жыныста оқушыларды тасымалдайтын автобус жоқ — Түркістан облысы

Түркістан облысында оқушылар мектепке бару үшін сағаттап жаяу жүруге мәжбүр. Созақ ауданындағы Жыныс ауылында шалғайдан келетін оқушыларды тасымалдайтын автобус жоқ. Жекеменшік кәсіпорын берген жалғыз көлікті аудандық білім бөлімі алып қойыпты.

Ата-аналар баламызды қаңғыбас иттер мен жабайы аңдар жеп кете ме деп қорқады. Ал жергілікті билік тасымал көлігін сұрағандарды қудалап жұмыстан шығарамыз деп қорқытатын көрінеді.

Созақ ауданындағы Жыныс ауылының тұрғындары балаларын әр күні майданға жібергендей шығарып саламыз дейді. Себебі, 200-ден астам оқушы мектепке жету үшін бес шақырым жаяу жүругеі тиіс. Таулы аймақта жол нашар, қыста қарға омбығып, жауын жауса батпаққа батады. Ауыр сөмкесін арқалаған балақайлар мектепке сағаттап жүруге мәжбүр.

Гүлнұр Жәлел, Жыныс ауылының тұрғыны:

- Мектепке балаларымызды жібергенде  соғысқа жібергендей болып отырамыз. Бұл жақ тола шибөрі, ит. Кешкісін дауыстары естіліп жатады. Жанайқайымызды еститін жан бар ма, жоқ па?! Бір автобус сұраймыз, аналар, көп балаға. Бір баланың жағдайын жасап берсе болды ғой, бір автобус мәселесін сұрап отырмыз.

Созақта уран өндіретін кәсіпорын оқушылар тасымалына автобус берген екен. Бірақ бірнеше жыл тасыған соң автобус ұшты-күйлі жоғалады. Екі жылдан бері ата-аналар көлік сұрап аудандық әкімдік пен білім бөліміне талай барған. Бірақ шенеуніктер шағым айтқандарды қудалауға көшіпті.

Балжан Байжігітова,  Жыныс ауылының тұрғыны:

- Үш ай қамауға аламыз, одан кейін келесі вахтаға жұмысқа жібермейміз деп айтқаны бар екен. Сонда автобус сұрауға болмай ма? Болмайды екен! Біз отыра беруіміз керек пе үйде?! Балаларымызды көлік қағу керек, я болмаса ит қабу керек, я адам өлімі болуы керек екен.

Сағаттап жаяу жүретін оқушылар суық мектепте оқып жатыр. Себебі, Жыныс ауылындағы Сүгірәлі мектебінде жылу жүйесі дұрыс істемейді. Ұл-қызы тоңбас үшін ата-аналар әр сыныпқа бір-бір электр жылытқышын сатып алып берген.

Бейсенкүл Беркінбаева, Созақ ауданының тұрғыны:

- Қанша жерден келеді, аяғы жаурайды. Ол келген соң мектеп суық. Мектепте жылы отырсын деп 500-ден ақша жинап пеш әперіп отырмыз жылуға. Жаурадық, мектеп суық, киім шешпейміз дейді. Шешпей отырамыз сабақта дейді.

Созақтың білім бөлімі ата-аналардың жыл сайын жылуға ақша жинайтынын «білмеппіз» деп аң-таң. Ал автобус мәселесін өздерінше оңай шешіпті. Яғни Жыныс ауылын бірнеше жыл бұрын жақын маңдағы үлкен Таукент ауылына қоса салған. Ал үкімет қаулысы бойынша елдімекендер арасында ғана қатынайтын оқушыларға автобус берілетіндіктен көлікті алып қойған. Бірақ оқушыларға аса қажет автобусты қайда жібергенін білмейді.

Нұралы Айдаров, Созақ ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Ол бірнеше жыл тасыды. Содан кейін тозығы жетіп ол бүгінде есептен шығарылды.

- Сонымен қайда ол автобус? 

- Автобус есептен шығарылған, жарамсыз болуына байланысты.

- Автобустың қаңқасы, басқасы қалды ма? 

- Арнайы өткізілетін орынға өткізілген болуы керек. Оған арнайы заңға байланысты жұмыс жүргізілген болуы керек. Оны анықтайық, қосымша.

«Ал білім бөлімі мәселені шешпейді, тек шағымданушыларды қыспаққа алуды біледі» деген ата-аналар Созақтың билігіне сенбейді. Сондықтан облыстық шенеуніктерден оқушыларды тасымалдайтын автобус бөлуді сұрап отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде