{metadescription}
​​​​​​​Ерболат Досаев осыған дейін ел есінде несімен қалды?
​​​​​​​Ерболат Досаев осыған дейін ел есінде несімен қалды?

​​​​​​​Ерболат Досаев осыған дейін ел есінде несімен қалды?

Елдің бас қаржыгері енді елдің қаржы орталығы саналатын оңтүстік астанаға басшылық етеді. Ұлттық банктің экс-төрағасы Ерболат Досаев бүгіннен бастап Алматы қаласының әкімі.

Бақытжан Сағынтаев қай саланың тізгінін ұстайтыны әзірге белгісіз. Қаңтар оқиғасынан соң жұрт «орнын босатсын» деп жаппай қол жинаған.

Сенбі күнгі сұхбатында президент Тоқаев тұрғындардың пікірі міндетті түрде ескерілетінін айтқаны сол еді, әкімнің ауысатыны белгілі болды. Сонымен Ұлттық банктен бастап бірнеше министрлікке басшылық еткен Досаев осыған дейін ел есінде несімен қалды?

«Алматы әкімі ауысады» деген алып-қашпа әңгіме кешелі бері әлеуметтік желілерде желдей есті. Ерболат Досаевтың тағайындалуы туралы хабарды таңмен күткенмен, ресми ақпарат тек түс қайта жарияланды. Мұны көбі ол мінген ұшақтың Алматыға кешігіп қонуымен байланыстырып жатыр. Ерболат Досаевты әкімдік аппаратына Президент әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов таныстырды.

Осыған дейін Ұлттық банктен бастап үш министрлікті басқарып үлгерген Досаевтың ел есінде қалған шулы оқиғасы көп. Соның бірсыпырасын еске түсірек. 2006 жылы Ерболат Досаев денсаулық сақтау министрі болған уақытта сын астында қалды. Бұған Шымкенттегі ауруханада балалардың жаппай АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыруы себеп. Оның алдында шенеунікке 250 млн теңгені жарамсыз вакцина сатып алуға жол берді деген кінә артылған. Араға алты жыл салып Досаев ел құлағын тағы елең еткізді. 2012 жылы ол Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің тізімінде 19-орынға орнықты. Бірақ өзі қандай өлшеммен енгізгенін білмеймін деп әңгімені жылы жапты. Ал ұлттық экономиканы басқарған кезінде ведомство атауын үш жарым жылдың ішінде үш рет өзгертті. Алғашында экономикалық даму және сауда министрлігі, сосын жэкономика және бюджеттік жоспарлау, кейін ұлттық экономика министрлігі болып бекітілді.

Ұлттық экономика министрі қызметінде, яғни 2016 жылы Досаевтың атын «Жер кодексі туралы» заң тағы шулатты. Ауыл шаруашылығына арналған жерді шетелдіктерге жалға беру уақытын ұзарту туралы құжатты Парламентке бекіттіріп алғанымен, арты жаппай наразылыққа ұласты. Билік ақыры Досаевты қызметінен қуып, заңға мораторий жариялауға мәжбүр болды. Бірақ алысқа қуылмай, алдымен «Бәйтерек» холдингіне, кейін тіпті Ұлттық банктен бір-ақ шықты.

Алматының әкімі ауысатыны президенттің сенбі күнгі сұхбатында белгілі болды. Тоқаев көпшіліктің қол жинап, Сағынтаевтың отставкасын талап еткен пікірімен санасатынын айтқан. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Кінә тағудан аулақпын. Қызметіндегі міндеттері жағынан адал адам. Бірақ алматылықтардың көңіл-күйін де ескеруге міндеттімін. Сондықтан уақыты келгенде білетін боласыздар.

Ал екі жыл бұрын Алматы әкімі болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаев ерекше ісімен танылмаған сыңайлы. Тек әл-Фараби көшесіндегі жылдамдықты 60-тан қайта 80 етіп бекіткені болмаса. Және Сейфуллин көшесін «түнгі көбелектерден» қайта тазалау жұмысы да осы Сағынтаевтың келуімен қарқын алды. Алматыдағы соңғы оқиғадан соң «халық алдына шықпады» деп сыналған атқамінер бүгін қызметтен кетуіне қатысты фейсбук әлеуметтік желісінде қоштасу постын ғана жариялады:

Құрметті алматылықтар!

Бүгін мен өз лауазымымды жаңа әкімге тапсырамын. Осыдан тура 720 күн бұрын Президент маған Алматы әкімдігін басқаруды сеніп тапсырды. Бұл үшін Мемлекет басшысына ризамын.

Мен сіздермен үнемі бірге болдым. Қала өмірін жақсартуға бар күш-жігерімді арнадым. Ұзақ мерзімді «Алматы-2050» стратегиясын қабылдап, қаланы дамытудың келешегін айқындадық. Президенттің «Шетсіз қала» қағидаты негізінде қалаға қосылған аудандардың түйткілді мәселелерін шешуге баса назар аударып, «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасын қабылдадық.

Қала әкімдігінің жөндеу жұмысы тек күзде аяқталады. Ал оған дейін Ерболат Досаевтың әзірге аудандық әкімдік ғимаратында жұмыс істеуіне тура келеді. Ұлттық банктің кең кабинетіне үйренген жаңа әкім, бәлкім ,бүгін тосырқап та қалған болар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде