Ақтөбеде аймаққа бөлінген газды тек ірі компанияларға үлестірген
Қоймасы бар делдалдардың өзі автогаз сататын шағын кәсіп иелеріне тұсау болып отыр. Ақтөбеде осындай ұсақ бекеттер жабылып қалуы мүмкін. Шенеуніктер ақпан айында аймаққа бөлінген газды ірі компанияларға ғана үлестіріп берген.
Автор: Жаңалық Ахаш
03.02.2022
Ал шағын кәсіп иелерінің өтінішін мүлде қарамапты. Сондықтан олар газ тасымалдайтын делдалдарға «жем боламыз» деп ашынып отыр. Энергетика министрлігі қабылдаған ереже мәселені одан сайын ушықтырып жіберді дейді автогаз бекетінің иелері.
Ақтөбеде автогаз сататын кәсіпкерлер бекеттеріміз осы айда қаңырап бос тұрады деп қорқып отыр. Энергетика министрлігі аймақтағы небәрі 35 автогаз бекетіне сұйық отын бөлуге рұқсат берген. Ал қалғаны құр қол қалыпты. Бұрынғысынша қоймасы бар ірі компаниялардың ғана пайдасы түгел. «Сол желілік газ ұйымдары бұрынғысынша делдалдығын жалғастыра береді» - деп ашынды кәсіпкерлер.
Алмагүл Еркетаева, кәсіпкер:
- Газ деген Қытайдан немесе Ресейден келіп жатқан жоқ қой. Ол өзіміздің Ақтөбеден шығып жатқан газ. Сондықтан екі күннен кейін мен газсыз боламын. Ақпанда ешқандай ала алғаным жоқ. Барлығын ГСО-ларға берген. ГСО-лар бағасын көтеріп сатып отыр.
Президенттің тапсырмасымен газдың литрі Ақтөбеде елу теңгеден аспауы керек. Кәсіпкерлер делдалдардың жолын кеспейінше, бағаны арзандату мәселесін шешу қиын екенін айтады. Тіпті энергетика министрлігінің соңғы талабы арзан автогаз тұрмақ, тапшылыққа әкеледі деп отыр бекет иелері.
Алтынай Мұқанова, Ақтөбе облысы газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы:
- Энергетика басқармасы бізден бекетте газ құятын қойма болу керектігін айтып отыр. Онсыз өтініш қабылданбайды. Министрліктегілер бұйрықтағы ережені президент тапсырмасынан соң асығыс қабылдай салған сияқты. Жанармай құятын бекеттерге газ бекеттерін қатар қойыпты. Бұл талап дұрыс емес. Автокөлікпен жеткізетін сұйық газға қойма неге керек?
Әкімдіктегілер қоймаға қатысты талапты жою туралы энергетика министрлігіне хат жолдаған. Маңғыстау облысындағыдай газға қатысты мәселені аймақта шешуге рұқсат берсе деп отыр. Сол кезде ережені ерте өзгертер едік дейді шенеуніктер. Ал әзірге ұсақ бекеттерге газ бөліне ме, жоқ па, оны шеше алмай жатыр.
Ермек Кенжеханұлы, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Сіздер бізге сәл уақыт беріңіздер. Осыған келе жатырмыз. 3600-ді көбейттік. Газ просесингті қостық. Автоның санын көбейтіп жатырмыз 10 мыңнан. Енді біздің мақсатымыз тікелей жұмыс жасау. ГСО-ның қатысуын барыгша азайту. Осы біздің міндетіміз.
Ақтөбе облысы бойынша 200-ден астам газ бекеті бар. Кәсіпкерлер қазір шаш етекен шығынға батып отырғанын айтады. Өйткені автогаз құнын шектегенге дейін биржадан 100 теңгеден қор алып үлгерген. Оның ақшасын биліктің қашан қайтаратыны әзір белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!