Жылу орталығы жоқ көкшетаулықтар 40 жылғы қазандыққа қарап отыр
Көкшетауда жылу орталығы жоқ. Қаладағы 165 мыңға жуық тұрғын қырық жыл бұрынғы қазандыққа қарап отыр. Ыстық суы жоқ, электр энергиясының өзін көрші облыстардан алады.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
03.02.2022
Өңірде электр қуатының бағасы да өзге өңірлерге қарағанда қымбат. Бүгін курортты қаланың күрделі жағдайы сенатта сөз болды.
Нұрлан Бекенов, Сенат депутаты:
- Ақмола облысында бұл өте өткір мәселе. Не ыстық суы жоқ, жылуға жарымай отырған қала тұрғындары электр энергиясы үшін де ең қымбат тарифпен төлейді. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі 2014 жылдан бері бірталай қадам жасады. Бірақ, ауқымды қымбат жоба болғандықтан үнемі аяқсыз қалып келді.
Көкшетауда жылу электр орталығы «Жол картасы» бағдарламасы аясында салынады деген ақжолтай хабар тараған. Бірақ жоба 2026 жылы ғана жүзеге аса бастайды екен. Сондықтан қырық жыл бұрын салынған жылу қазандығы қарқындап өсіп келе жатқан қаланы толық жылумен қамти алмай қалуы әбден мүмкін. Ескі нысанды жөндеуге соңғы үш жылда бюджеттен 3 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Соның өзінде құбырлардың 50 пайызы тозып тұр, - дейді жылуға жауапты мамандар. Қалада орталықтан берілетін ыстық су да жоқ. Тұрғындар су жылыту үшін жаппай электр қондырғыларын пайдаланады екен.
Данияр Ақыбаев, «Көкшетау жылу» кәсіпорнының бас инженері:
- Дәл қазір біздің кәсіпорынның жылу беру мүмкіндігі 636 гигакалория. Ал қажеттісі 531. Бізде резерв бар. Дегенмен жыл сайын тұтыным 15 гигакалорияға өсіп келеді. Нысандарымыз да ескі. 1977 және 1998 жылдары салынған. Әрине, жөндеу жасаймыз жыл сайын. Дегенмен, жылу орталығы болса көп мәселе шешілер еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!