{metadescription}
Ақдалада уәде етілген газ әлі тартылмаған – Алматы облысы
Ақдалада уәде етілген газ әлі тартылмаған – Алматы облысы

Ақдалада уәде етілген газ әлі тартылмаған – Алматы облысы

Құбыр бар, газ жоқ. Алматы облысында көңілі алаң жұрт осылай дабыл қақты. Талғар ауданына қарасы Ақдала ауылы тұрғындарының айтуынша, бұған дейін елдімекенге құбыр тартылып, әкімдіктегілер жаңа жылға дейін газ қосылады деп уәде беріпті. Бірақ уәде сол күйі сиырқұйымшақтанып құрдымға кеткен.

Тіпті ауылдың көбісі газ күтіп жүргенде кейбір көшелерге әлі құбыр да тартылмаған. Әкімдіктегілердің ала қойды бөле қырыққан әрекетіне шамданған тұрғындар «қақпаған есігіміз қалмады» дейді. Енді амалы таусылғандар облыс әкімінен көмек сұрап отыр.

Екі мыңнан астам жан басы бар Ақдала ауылына газ құбыры тартылғанда тұрғындар отын тасып күл шығарудан құтылдық деп қуаныпты. Тіпті жергілікті шенеуніктер жаңа жыл алдында көгілдір отынға қарық боласыңдар деп уәде етіпті. Алайда арада бір жарым ай өтсе де, ауыл ішіндегі  құбырлар әлі қаңсып тұр. 

Ырысалды Бейісбаева, Ақдала ауылының тұрғыны:

- Қазір жертөлеге түсіп от жағушы едік, түсіп-шығу қиын болып жатыр. Аяқ ауырады. Көмірді кіргігіп алып бару да оңай емес.  Газ түсіріп берсе жеңілдеп қалар едік. Сол үшін келіп отырмыз.  

Әлихан Жаңабаев, Ақдала ауылының тұрғыны:

- Құбырларды тартып қойды да, газ берген жоқ. Алдымыздағы төрт-бес көшеде құбыр бар, бірақ газ әлі жіберілмеген. Енді қандай себеп екенін айтқан жоқ. Бірақ бізге уәде еткендей, жаңа жылға дейін бізге газ береміз деген. Бірақ газ әлі жоқ.

Ең сорақысы, уәдесінен тайқыған әкімдіктегілердің салғырттығы мұнымен шектелмейді. Тұрғындардың бір бөлігі көгілдір отынның жетуін күтіп жүрсе, енді бірінің үйіне құбыр тартушылар аяғын аттап баспапты. Өйткені ауыл шетіндегі бақандай үш көшеге құбыр тартылмаған. Ал газ тұрмақ, құбырды көруге зар болған 50-ге жуық отбасы шенеуніктердің ала қойды бөле қырыққан әрекетін түсінбей әлек.

Насиба Қоспанова, Ақдала ауылының тұрғыны:

- Көшенің мына бетінде газдың құбыры тұр, ал жолдың мына бетінде газ, құбыр жоқ. Міне, мынау үш көше жетім баладай қалып қойған. Әйтпесе көмірді жағасың, есік алды ыс болады, үйдің іші қара түтіні бар, балалардың өзі тұншығады. Үйде кішкентай балалар бар.

Шыдамы таусылған қараша жобаға енбеген көшелердің жайын айтып талай мәрте жауапты орындарға шағымдандық дейді. Бірақ олар тұрғындардың жанайқайын жүре тыңдайтын көрінеді.

Мәншүк Әзімбай, Ақдала ауылының тұрғыны:

Бүкіл жазбаған, бармаған жеріміз жоқ. Аудан әкіміне, ауыл әкіміне. Бұлардың бізге беретін жауабы өте әдемі: «Сіздерге мемлекеттен қаржы бөлінбеген» дейді. Осы мынау мемлекеттен бөлінген қаржыға тартылып жатыр. Біздің жеке үйлерге тартқызуға қалтамыз көтермейді. Енді ыңғайымызға келіп жатқаннан кейін мемлекет бөліп жатқан қаржыдан қалып қоймай, газ тартып алсақ деген ойымыз бар.

Ақдала ауылына газ тарту былтыр қыркүйек айында басталыпты. Мемлекеттік және жеке әріптестік аясындағы жобада әр үйге газ кіргізу құны 150 мың теңгеден аспайды. «Қазтрансгазаймақ» мекемесі құжаттарды қалбылдау жұмысын кешеуілдетіп жатыр деген әкімдіктегілер наурыз айына дейін газ қосамыз дейді. Ал құбыр жүргізілмеген көшелердің шаруасы содан кейін реттелмек.

Алмас Өмірзақов, Кеңдала ауыл округінің әкімі:

- 2015-2016 жылдары осы жоба дайындалған, осы газға байланысты. Ол жобаға мектептің артындағы үш көше енбей қалған. Бірақ оның шешімін мына «Қазтрансгазаймақтың» балансына өткеннен кейін ол мәселені шешетін боламыз.

Десе де көңілі алаң жұрт ауылға газ жетсе де, қалыс қалған көше тұрғындары игіліктен қағыла ма деп қауіптенеді. Олар мәселені жедел шешу үшін облыс әкімінен көмек сұрайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

29 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде