Коронавирусты вакцина алмағандар мен жастар көп жұқтырып жатыр
Індет өзгеше өрби бастады. Бұған дейін өкпені қабындырған кесел енді тамақ пен мұрыннан алып жатыр. Науқас иіс пен дәм сезбей қалады. Вакцина алмағандар мен жастар коронавирусты көптеп жұқтыруда. Бір күнде індет 6648 адамнан анықталып, оның 25-і көз жұмған.
Автор: Салтанат Шырынхан, Айзат Тұрғынбекқызы, Жаңалық Ахаш
04.02.2022
Ақтөбеде қауіпті індеттен бір айда 14 адам қайтыс болды. Соңғы екі адамның өлімі осы аптада тіркеліпті. Аймақтағы вирустың таралуы әлі тоқтамай тұр дейді мамандар. Оған қоса коронавирустың клиникалық белгілері де өзгеріп келеді. Бұрын қауіпті індетті жұқтырғандардың өкпесі қабынып дем алуы қиындайтын. Қазір вирус тамаққа жабысатын болған. Қолқасы ісініп, дауысы қарлығады.
Айгүл Аманжолова, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Соңғы аптада екі науқас коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Бүгінде жансақтау бөлімінде 22 науқас емделіп жатыр. Қазір расында көптеген науқастар тамақ ауруына, дауысының қарлығуына, кеуде қуысының ауруына шағымдананып түсіп жатыр.
Ақмола облысында да санитария-эпидемиология жағдайы ушығып тұр. Өткен айда өңірде індеттен айыға алмаған 24 адам бақилық болған. Соңғы күндері тәулігіне 500-ден аса адамнан вирус анықталып отыр. Инфекциялық аурухана 58 пайызға толық. Жансақтау бөлімінде дәрігерлер халі ауыр 24 адамның өмірі үшін күресіп жатыр. Өмір мен өлім арасында жатқан науқастардың екеуі ғана екпе алыпты. Олар негізінен 60 жастан асқан егде адамдар. Балалар арасында да жағдай алаңдатарлық. Өткен айларда тәулігіне 90 оқушы вирус жұқтырса, қазір оның саны 1700-ге жеткен.
Айнагүл Мусина, Ақмола облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Балалар арасында бұл вирус жеңіл өтіп жатыр деуге болмайды. Өйткені,олардың арасында созылмалы науқасы бар балалар да бар. Облыста 188 сынып карантинге жабылды. «Қызыл»деңгейде болғандықтан өңірде шектеу жеңілдегенімен, қойылатын сақтық шаралары сол күйі сақталған.
Эпидкартада өңірлер коронавирус таралуы бойынша қауіптің ең жоғары деңгейінен біртіндеп шыға бастады. Бүгін «сары» деңгейдегі Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласының қатарына Жамбыл облысы қосылды.
Ал Қызылорда өңірі «жасыл» аймаққа өтті. Бұған дейін тек Түркістан облысы ғана тұрған болатын. «Қызыл» деңгейде әлі 2 қала мен 10 облыс бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!