Олимпиада: Спортшылар жеңіс тұғырынан көріне ме?
Ақ Олимпиаданың алауы тұтанып жалауы желбіреді. Қытайда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Төрт жылда бір келетін жаһандық жарыстың ашылу рәсіміне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
04.02.2022
Дүбірлі додада ел намысын 34 спортшы қорғайды. Күллі әлем көз тіккен айтулы жарыста карантин талаптары күшейтілген. Спортшылар мен делегация өкілдері күн сайын ПТР тест тапсырады. Жалпы екі күннің ішінде Олимпиадаға келген 300-ге жуық адамнан қауіпті кесел анықталған. Бұл тізімде Қазақстан құрамасы жоқ.
Бейжің қаласы. «Құстың ұясы» атты алып стадионда адамдардың қарасы аз. Төрткүл дүние тағатсыздана күткен Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатына Қытай Республикасының президенті Си Цзиньпинмен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. XXIV Қысқы Олимпиаданың алауы жанып жалауы желбіреді. Спортшылар осы сәтті ұзақ күтті. Бойларында қобалжу да, қуаныш та бар. Қазақстанның көк байрағын Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Аидова ұстап шықты.
Бейжің Олимпиадасына 91 елден төрт мыңдай спортшы қатысып жатыр. Жарыстар екі күн бұрын басталған. Қазақстан құрамасы алғаш болып кеше фристайл-могулдың іріктеу кезеңінде сынға түсті. Алайда әйелдер мен ерлер бәсекесінде жарыс жолына шыққан 5 фристайлшымыз алғашқы ондыққа да іліге алмады. Үкілеп үміт артқан қыз-жігіттеріміз келесі кезеңде бар күш-жігерімізді жұмсаймыз деп отыр.
Дмитрий Рейхерд, Қазақстан құрамасының спортшысы:
- Бұл жарыс трассасына алғаш рет шықтық. Өйткені әлем кубогында мүлдем басқа жол, басқа трамплин болатын. Дегенмен барымызды салдық. Екінші іріктеу кезеңінде финалға жолдама алатын мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысамыз. Бізге жанкүйер болыңыздар!
Пандемиямен тұспа-тұс келген төртжылдықтың бұл басты додасы бұрыңғыдан өзгерек. Коронавирустың таралуынан шошып қалған қытайлықтар карантин шараларын барынша күшейткен. Спортшылар мен делегация мүшелері күн сайын ПТР-тест тапсырады. Барлығының уайымы да осы. Өйткені сынама екі мәрте оң нәтиже көрсетсе, жеті күн оқшаулануы тиіс. Тіпті жарысқа қатысу құқығынан айрылуы да мүмкін.
Жалпы осы күнге дейін Олимпиадаға келген 300 адамнан індет анықталған. Бұл тізімде спортшылар да бар.
Әйгерім Тоқсанбек, Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз хатшысы:
- Бізде арнайы медициналық штаб құрылған. Әрбір ұлттық құрамаға, әрбір олимпиадалық қалашыққа ковид офицері бекітілген. Олар тек карантин талаптары мен ПТР-тест нәтижесімен жұмыс істейді. Қазір спортшыларымыз бен бапкерлерімізде барлығы жақсы. Жаттығуларын жалғастырып жатыр.
Жаһан жұрты көз тіккен жарыста 109 медаль сарапқа салынады. Қазақстандық спортшылар жүлдеге ілігіп жеңіс тұғырынан көріне ме деген сауал көпшілікті мазалайтыны рас. Спорт журналисі Айбек Қабылша Қытайда жалауын желбіреткен қысқы ойындарында сенім білдірген атлеттеріміз қоржынымызға кемі бір медаль салады деп сенеді.
Айбек Қабылша, спорт журналисі:
- Соңғы өткен үш Ақ Олимпиадада біздің спортшылар жүлдесіз қайтпады. Бейжің 2022 ойындарында біз Юлия Галышева бастаған, Дмитрий Рейхард пен Павел Калмаковтар қоштаған фристайлдан жүлде күтеміз. Сондай-ақ шорттірекшілер Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша да жеңіс тұғырына көтеріліп қалар деген үміт бар.
Тақымын қысып, спортшыларымыздан жақсы нәтиже күтіп отырған жанкүйерлер көп. Сондықтан әлемдік додаларда дараланып жүрген өрендеріміз аянып қалмасы анық.
Қытай Жазғы және Қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін әлемдегі тұңғыш мемлекет. Бұл Олимпиада табиғи қарсыз өтетін жарыс ретінде тарихта қалмақ. Жалпы Бейжіңде бүгіннен бастап қызатын Қысқы Ойындар 20-ақпанға дейін жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!