Шымкент: Асар-2 жұрты ұрылардан қорқып үйінде отыр
Шымкентте ұрылардан қажыған жұрт енді қолға түскен қарақшылардың қолын өзіміз кесеміз деп отыр. Себебі, 16 мыңдай тұрғыны бар Асар-2 шағынауданының тұрғындары күн сайынғы ұрлықтан мезі болған.
Автор: Бек Әбиев
04.02.2022
Қылмыспен күресуге тиіс тәртіп сақшылары жұмыс істемек түгілі, елдің өзі ұстап берген күдіктілерді жібере салады екен. Ал полицейлер қылмыстың көбеюіне «әкімдік кінәлі» дейді. Ашулы жұрттың жанайқайын тілшіміз тыңдады.
Асар-2 шағынауданының тұрғындары ұрылардан зәрезап болған. Сұғанақтар есік алдындағы қазан-ошақтан бастап, малға дейін үптеп кетеді екен. Тіпті баспаналарды да тіміскілейді. Мысалы, тойға дайындалған шаңырақтың адамдары күндіз базарға кеткенде үйін тонап кетіпті.
Динара Ералиева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Күні кеше ұры кірген, мына жерде телевизор тұрған. Оны әкеткен. Стол үстіндегі ноутбугімді әкеткен. Баламның телефонын ұрлаған. Қалтамда 800 мың ақша тұрған, ол да жоқ. Енді әйел болғаннан кейін үшінші қалтамыз болады ғой, оны да әкеткен, сөмкеммен қоса ұрлаған.
Жазасыз қалатынына сенімді баукеспелер тіпті үйінде адамы бар баспаналарға баса-көктеп кіретін де кездері бар. Сондықтан бұл жақтың тұрғындары үйде жалғыз қалудан қорқады.
Гауһар Әбішева, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бір баламды қабырғаға, екінші баламды қарсы қабырғаға тіреп тұрды. Үшіншісі үйдің бәрін ақтарып шығады. Мен арыз жазған жоқпын. Балаларым аман қалғанына қуандым. Дәл сол күні менің шешем де жатыр. Ол кішкентай бөпелерімді алып бір бөлмеде есікті жауып тығылып отырады. Тапа-тал түсте болған.
Ал полицейлер ұрыларды ұстамайды дейді жиналғандар. Тіпті тұрғындары өзі ұстап берген күдіктілердің өзін тәртіп сақшылары босатып жіберген. Сондықтан арыз жазуды қойған жұрт енді қолға түскен ұрыларды «өзіміз жазалаймыз» деп отыр.
Қалдыкүл Сәбденқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Ұсталған адамды «міне» деп апарып берген уақытта, оны қамамаса, ол кетеді. Демек үлесін берген деген сөз. Ол ақымақ адамға да белгілі нәрсе. Егер ұсталған жағдайда ұрылардың саусағын кесеміз! Саусағын, халайық естіңдер! Киізді күйдіреміз де, басып береміз. Құрысын одан кейін. Ақыры жұмыс істемейді, не істейміз? Әбден халықтың шыдамына тиіп бітті!
16 мыңға жуық тұрғыны бар Асар-2 шағын ауданында алғашқы тұрғындар он шақты жыл бұрын қоныстана бастаған. Тек қана жер үй салынған ауыл ұрыларына май-шелпекке айналған.
Асар-2 шағынауданында ұрыларға барлық жағдай жасалғандай. Көшеде бейнебақылау камерасы түгілі, электр жарығы жоқ. Көптеген аулаларда шарбақтар да қойылмаған. Мұнда жиі бас сұғатын ұрылар кез келген аулаға кіріп керегін алып кете беретін болған.
Ел шулаған соң бүкіл учаскелік полицейлер осында жетіп келді. Олар қылмыстың өршуіне инфрақұрылымның жоқтығы себеп деп отыр. Бұл ауылда бір айда 11 ұрлық тіркелгенін айтқан полиция подполковнигі әлі біреуін де ашпапты. Бірақ учаскелік полицейлерді жаңарттық деген ол енді шындап жұмысқа кіріспек.
Бауыржан Оразымбетов, Қаратау ауданы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:
- Қазір, міне, осы қызметкерлердің тәжірибесі мол. Қылмыс ашуға бейім. Халықпен жақсы тіл табысып жатыр. Осы жерде жақын маңда тұрады. Соны осында әдейі қойып отырмыз. Енді қылмыс азаяды. Жұмыс атқарамыз сол бағытта. Мынау өздеріңіз байқағандай, көшелер асфальтталмаған, су, жарық жоқ. Жарық қою, камера орнату мақсатында әкімдікке ұсыныс бердік.
Енді қатты жұмыс істейтінін білдіргісі келді ме, учаскелік полицейлер бірден елге визитка таратуға көшті. Ал тәртіп сақшыларына «сенбейміз» деген жұрт өз арасынан күнделікті халық жасағын шығармақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!