Қаржы пирамидаларынан 31 мың қазақстандық зар илеп жүр
Қазақстандағы қаржы пирамидалары 54 миллиард теңгені қалтаға басқан. 31 мың жерлесіміз қалтасындағы соңғы тиынын көбейтіп аламын деп, ақыры зар илеп жүр. Осылайша күн сайын алаяқтарға алданып сан соғып қалып жатқандар көбейіп барады.
Автор: Айман Төленби
07.02.2022
Бұл істе жарқыратып жарнама жасайтындардың үлесі көп. Енді қаржы пирамидасын жарнамалайтындарға да қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ішкі істер органдары Бас прокуратураға осындай ұсыныс жасады.
Азаматтардың жаппай алдануына жарнаманың әсері зор. Оқырманы көп блогер, атақты әнші, актерлер айтқаннан кейін жұрттың бәрі соңғы тиынына дейін санап беруге дайын. Оған «Гарант 24 Ломбард» ұйымына қатысты даулы оқиға дәлел.
Ішкі істер органдары былтыр 180-нен астам пирамида ұйымының жұмысын тоқтатқан. Сонда да саңырауқұлақша қаптаған алаяқтар азаяр емес.
Мысалы, L-Capital ұйымына 300 азамат 260 миллион теңге салған. Ал Evolution corpаtion компаниясы салымшыларын аз мерзім ішінде жүз пайыз сыйақы береміз деген құрғақ уәдеге тойдырып, үш миллиард теңге тұратын мүліктерін алдап алып кеткен. Қыруар қаржының қайтарылуы неғайбыл. Себебі олардың бас ұйымдастырушылары шетелдіктер. Ұшы жоқ кәсіптің соңына жету мүмкін емес.
Таң қаларлығы, тұрғындар тек ақша емес, жер учаскілері мен автокөліктерін, тіпті баспанасын да салып жіберіп, енді қайтара алмай жүр. Былтыр пирамидаға қатысы бар 126 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 38-і сотталған. Қалғандарына қатысты сот талқылауы әлі жүргізіліп жатыр.
Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы:
- Алаяқтар ойлап тапқан әдістің көбісі азаматтарды жеңіл ақша табуға шақырады. Соның бірі — инвестиция құю. Яғни қаржы пирамидалары өзін нарықта табысты компания ретінде көрсетіп, қызметтерін ұсынады. Және азаматтарды тарту үшін түрлі инвестициялық жобаларды ойлап табады. Сондай-ақ қаржы пирамидалары шағын қаржылық ұйым ретінде, букмекерлік кеңсе және тұтынушылар кооперативінің атын жамылып та жұмыс істейді. Одан бөлек, олардың басты құралы — әлеуметтік желі. Яғни жеңіл әрі онлайн табыс табуға шақырады. Ол үшін мессенджер мүмкіндігін пайланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!