Олимпиада: Бас бапкер жанкүйерлерінен кешірім сұрады
Қазақстандық танымал спортшы Юлия Галышева Олимпиада кезінде жаттығу жасап үлгермепті. Өйткені коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тестінің нәтижесі кеш келген. Бірнеше ресми жаттығулардан қалыс қалған Галышева бүгінгі баспасөз конференциясында осындай өкінішін жеткізді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
07.02.2022
Дегенмен 29 жастағы қазақстандық спорттық мансабын әзірге аяқтамайды.
Юлия Галышева, Олимпиада-2022 ойындарының қатысушысы:
- Мен Бейжіңдегі жарыс жолына дайын болдым. 10 ұпайдың 10-ын берер едім. Алайда жаттығуға уақыт жетпеді. Ресми жаттығуларды жіберіп алдым. Тек біліктілік алдында, Бір күн бұрын ғана жаттығып үлгердім. Коронавирусқа тапсырған тестімнің нәтижесі кешіккен соң, бірінші біліктілікке жіберілмедім. Мен мәнсабымды аяқтамаймын. Жанкүйерлеріме дәл осы күнге дейін осы жолда менімен бірге болғандары үшін алғысымды айтамын. Бұл жерде өзімнен басқа ешкімнің кінәсі жоқ.
Галышева фристайл мен могулдан Қазақстан командасының үздігі. Төрт жыл бұрын Ақ Олимпиадада қола жүлдегер атанған ол биылғы жарыста медальсіз қалды. Алғашқы айналымнан сүрінбей өткен отандасымыз келесі кезеңде қателік жіберіп, 11-ші орынмен Олимпиада ойындарын аяқтады. Могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері де спортшылардың көрсеткен нәтижесі үшін жанкүйерлерінен кешірім сұрады.
Байрақты бәсеке 20-ақпанға дейін жалғасады. Қазақстан атынан барған 34 спортшы сегіз спорт түрінен сынға түсіп жатыр.
Елена Круглыхина, Могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Әрине, нәтиже көңілден шықпады. Жанкүйерлерімізден кешірім сұраймыз. Жазда карантин шараларының кесірінен дайындық жасау қиын болды. Күзде де сырғанайтын қар іздедік. Барлық спортшы жыл бойы қарда сырғанайды. Қазақстан құрамасы барлығынан аз жаттығу жасап, жақсы нәтиже көрсетеді. Біз осымен тоқтамаймыз, берілмейміз, одан әрі жұмыс істейміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!