Карантинді жеңілдету бойынша комиссияның шешімдері
Алдағы дүйсенбіден бастап барлық мектеп оқушылары қайтадан офлайн форматқа көшеді. Карантин шараларын жеңілдету бойынша қолға алынған ведомствоаралық комиссияның шешімдері мұнымен шектелмейді. Әуе рейстері арқылы ел аумағына кіру және шығу да жеңілдетілген.
Автор: Мақсат Мәлік
08.02.2022
Бірақ шетелден келген азаматтардың барлығы вакцина құжаты бола тұра, үш тәулікке жарамды ПТР сынамасын көрсетуі шарт.
Үшінші тоқсанның ортасы оқушылар үшін тағы бір жаңалығымен келгелі тұр. Балалары онлайн оқығанға үйрене бастаған ата-аналар да әрі-бері қапылатын түрі бар. Өйткені келесі дүйсенбіден бастап барлық сынып оқушылары қайтадан офлайн форматқа, яғни дәстүрлі оқу жүйесіне ауысады.
Карантин талаптарына сәйкес, елдегі оқу тәртібіне жаңа жылдан бері екі рет өзгеріс енгелі отыр. Жарты ай бұрын 600 балаға дейін оқитын мектептер толық офлайн форматқа көшкен еді. Сол кезде оқушы саны 600-ден асатын білім ордаларында бастауыш сыныптар партаға отыруға міндеттелді. Өйткені мамандардың өзі білім сапасы сын көтермей кетті деп дабыл қаққан болатын.
ҚР Білім және ғылым министрлігі:
- Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында толық офлайн оқу форматына көшу мәселесі қарастырылды. Нәтижесінде 2022 жылдың 14-ақпанынан бастап барлық сынып оқушылары дәстүрлі оқыту форматына ауысады.
Карантин тәртібін жеңілдетуде шекараны кесіп өтуі мәселесі де шет қалмады. Бұдан былай әуе рейістері арқылы ел аумағына кіру және шығу жөнінде қабылданған шектеу алынды. Бірақ «омикрон» ушыққандықтан, әуе қатынасы тоқтаған елдерге ұшуға тыйым салынған. Ондай мемлекеттерге транзит арқылы жетуге мүмкіндік туғанымен, мамандар сапарға шықпауға кеңес береді. Ал басқа жағдайда ешқандай кедергі жоқ.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің ресми өкілі:
- ҚР азаматтары ешқандай кедергісіз шет мемлекеттерге шығуға рұқсат бар. Сонымен қатар шет елдің азаматтары, ҚР-на висасыз келісімі бар елдердің азаматтары визалық режиді сақтай отырып біздің елге ешқандай кедергісіз келуге рұқсат бар.
Әуе жолынан бөлек, жерлестеріміздің көлік арқылы шет елге шығуын шектеу мерзімі де өзгертілді. Қазір азаматтарымыз айына бір рет көлікпен шет елге шықса, енді бұл уақыт 15 тәулікке қысқарды. Алайда әуе және көлік қатынасына өзгеріс енгенімен, Қазақстанға келетіндерге қойылатын қатаң талап бар. Шетелден келгендердің барлығы қолында вакцинадан өткені туралы құжаты болса да, үш тәулікке жарамды ПТР сынамасын көрсетуі тиіс.
Ведомствоаралық комиссияның кезекті шешімі сырт мемлекетке емін-еркін шығуды армандаған отандастарымызды бір қуантып тастағанымен, елдегі эпидахуал оңалып кетті деп айту қиын. Бірақ коронвирустан қорқып бүкіл тіршілікті тұсап тастауға болмайтыны тағы бар. Сондықтан жауапты мекемдегілер бұл шаралар экономиканы жандандырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталғанын айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!