Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккендер бес жыл бойы баспанасыз
Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер әлі күнге дейін баспаналарын ала алмай жүр. Бес жыл бұрын қызыл судың астында қалған екі ауылды жаппай көшіру жоспарланған. Төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға шенеуніктер жаңа үй салып береміз деп уәде берген. Бірақ содан бері салынған баспана да, бөлінген ақша да жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
08.02.2022
Қауіпті аймақтағы тұрғындар көктем шыққан сайын жанын шүберекке түйіп отыр.
Ақтөбе шетіндегі Вохр мен Махамбет ауылы тұрғындары үйдің суреті салынған бұл қағазды бес жылдан бері көзінің қарашығындай сақтап жүр. Кезінде аймақты басқарған Бердібек Сапарбаев тасқыннан зардап шеккен жұртқа жұбату айтуға келгенде таратып берген. Дәл плакаттағыдай үй салып береміз деп уәде етіпті.
Мұңлық Әлжанова, Вохр ауылының тұрғыны:
- Сапарбаев бізге әкеліп берді, осындай бір-бір үйді. Иә, әйтеуір қағаз үйіміз бар, қарағым, былай үйіміз болмаса да. Енді суретке қарап, анда-санда көңілімізді жұбатып, ол да бір ел басқарып жүрген азамат қой дейміз. Артына қарап, аналарға бір-екі ауыз сөз айтып, биліктегілерге: «Мен сөйтіп кеттім, артымды шулатып, енді бірдеңе қылыңдар» дейтін шығар десем, одан жауап жоқ.
Тұрғындар кеткен әкім тұрмақ, қазіргі әкімнен де қайыр жоқ деп ашынады. Тасқыннан зардап шеккендерге жайдақ жер учаскесін бөліп берген. Басында су жаңа үй салып береміз дегендер, кейін баспананы өздерің тұрғызып алыңдар деп қолын бір сілтепті.
Оспан Бекбаев, Махамбет ауылының тұрғыны:
- Енді бізге жерді , қу жерді берді. Бізді алдады. Салып береміз деді. 98 шаршы метр, одан кейін 73 деді. Оған да көндік. Үш рет қол қойды. Төртінші рет «өз күшіңмен салыңдар» деді. Жәрдем керек. Материалдан болсын. Болмаса, ағаштан болсын, цемент, не кесек болсын.
Бұл екі ауылда 366 шаңырақ тұрады. Осы аймақты 30 жыл бұрын адам тұруға қауіпті деп таныған. Өйткені қос зауыттың түбінде тұр және тасқын кезінде көбісінің үйі су астында қалып бүлінген. Бес жыл бойы әне көшеміз, міне көшеміз деп жүгін жинаумен жүр. Енді жергілікті шенеуніктер бізден қайыр жоқ деп отыр. Елордадағылар төтенше жағдайға байланысты бір тиын бөлмейміз деп шешіпті.
Серік Дәулетов, Ақтөбе қаласы әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
- Бірнеше мәрте премьер-министрге хат жолдаған болатынбыз. Қаржы бөлінбеді деген жауаптары бар. Қазір республикалық бюджеттен ақша бөлінбегеннен кейін қала бюджетінде бұндай қаржы болмай, үй салынған жоқ. Салынбайды.
Тасқыннан зардап шеккен 400-ге жуық шаңыраққа үй салуға 5 миллиардтай қаржы керек. Енді ақтөбелік шенеуніктер жаңа тағайындалған үкімет басшысына үміт артып отыр. Жақында ақша сұрап тағы өтініш жолдапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!