Алматыда санаулы сағатта 50-ден астам көлік апатқа ұшырады
Санаулы сағатта 50-ден астам көлік соқтығысқан! Алматыда екі күнде жауған қар көктайғаққа айналып, жол апаты күрт көбейді. Көк мұзда сырғанаған көліктер бір-бірімен соқтығысып, қалада қозғалыс қиындады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
08.02.2022
Таңғы қарбаласта қатып қалған мұз бен тұманның кесірінен тізгінге ие бола алмаған жүргізушілер жолға құм мен тұз сеппеген коммуналдық қызметті кінәлайды. Жылтыр жолда жығылып түрлі жарақат алғандар да көп. Алматыда кешелі бері жауған жаңбыр аралас қардың соңы көктайғаққа ұласты. Қалада таңнан бері көлік қозғалысы қиындап, көк мұзда жол апаты жиілеген. Жароков көшесінде қаңтарылып тұрған бұл машиналар тайғанап бір-біріне соғылған. Бұл жерде жол апатына нақты кімнің кінәлі екенін ажырату қиын.
Темір тұлпардың тізгініне ие бола алмағандардың бірі — Микаэль. «Жылдымдықты асырмадым» деген жүргізуші суықтан асфальттың беті әп-сәтте мұз айдынына айналды деп аң-таң.
Микаэль Гамидов:
- Азанмен келе жаттық. Қара жол. Жол жол сияқты. Алайда тайғақ екен. Оны білмейміз. 40-пен келе жаттық. Тежегіш бассаң да газ бассаң да ұстамайды. Аяқпен де сырғанап жүрміз. Көлігімді несиеге алғанмын. Банк ертең бізден не болды деп сұрамайды, «төле» дейді.
Санаулы сағаттың ішінде шаһарда 50-ден астам көлік апатқа ұшыраған. Әсіресе әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолының бойында бір-біріне соғылып аударылған машина көп. Арасында автобустар да бар. Жүргізушілер көктайғаққа қарсы қарекет қылмаған жауапты мекемеге өкпелі.
Кәміл Қадырбаев:
- Коммуналдық мекеменің қызметкерлері тиісті шараларды атқармаған. Ауа райын біледі. Қар жауған соң бірден жолға құм, тұз себу керек қой. Олар тым сырбыр қимылдайды. Біздің кінәміз жоқ. Тәжірбиелі жүргізушінің өзі мұндай жолда жүре алмайды.
Қолайсыз ауа райы полиция қызметкерлерін де аяғынан тік тұрғызды. Қаладағы қозғалысты реттеуге кіріскен сақшылар көлік иелерінен жылдамдықты шамадан тыс асырмауды сұрайды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Таңғы алты мен онның арасында Алматы қаласында 25 жол-көлік оқиғасы болды. 13 адам дене жарақаттарын алып медициналық көмекке жүгінді. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Жол-көлік қозғалысы тағы едәуір нашарлай түссе, патрульдік полиция қолмен реттеуге көшеді.
Көк мұзда жаяу жүргіншілердің өзі жүре алмай қиналды. Дәрігерлердің айтуынша апта басталғалы травмотология бөліміне келгендер әдеттегіден күрт көбейген. Көктайғақтан тайып, аяқ асты жаппа шеккендердің көбі егде жастағылар.
Жасұлан Арғынбаев, травматолог:
- Бізде бір тәулікте келетін науқас саны 30-40 болса, қазір 50-60 дейін көтерілді. Оның ішінде көктайғақтан құлаған 10-15 адам бар. Олардың көбінесе басы. қолы, аяғы жарақаттанған. Көбіне келетін 60 жастан асқан егде жастағы кісілер.
Әкімдіктегілер кінәні өздерінен емес, өзгелерден іздеуге тырысты. Жауапты басқарма өкілдері қар жауған күннен бастап күн-түн демей тиісті шара атқардық деп отыр. Ал көктайғаққа күтпеген тұман мен суық жел себеп екен.
Александр Сергеев, Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:
- Кеше қаланы тазалауға 611 техника, 1665 жұмысшы жұмылдырылды. Біз көктайғаққа қарсы 2 мың тонна материлды жолға септік. Таңғы төртке дейін жұмыс істедік. Тексердік. Жол мұз болған жоқ. Таңғы тоғыздарда тұман түсіп, суық желдің салдарынан жер мұзға айналды. Ол көрінбеді. Бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Ауа райының бұлай құбылатынын ешкім білмеді.
Алматы-Қапшағай тас жолының бойында да ірі жол апаты тіркелген. Синоптиктер ақпан айының соңына дейін қалада жапалақтап қар жауып, күн күрт суытатынын ескертеді. Сондықтан мамандар жол бойында арақашықтықты сақтап, сақ болуға шақырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!