Президент бір адамның жерге иелік ету нормасын бекітуді тапсырды
Жайылым жер мәселесі де сағызша созылып келеді. Бүгін президент Үкіметке жайылым тапшылығын тезірек шешуді тағы тапсырды. Тоқаев бұған дейін де бос жатқан аумақтарды ауыл тұрғындарына қайтаруға пәрмен бергенімен, одан министрлер кабинеті сол күйі нәтиже шығара қоймаған.
Автор: Елдос Есенбол
08.02.2022
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәселені өзінше шешуге тырысқан сыңайлы. Өйткені ведомство жайылым жердің тапшылығы 32 пайызға азайды деп ақпарат берген. Бірақ Бас прокуратура тексеріс жүргізгенде бұл тек қағаз жүзіндегі көрсеткіш екені анықталыпты. Яғни шенеуніктер өңірлердегі халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсеткен.
Сондай-ақ президент бір адамның жерге иелік ету нормасын бекітуді тапсырды. Өйткені көп жерді қолына алып оны пайдаланбай отырғандар көп. Мәселен, Атырау облысында 89 мың, Алматы облысында 96 мың, Шығыс Қазақстан облысында 69 мың гектар жер бір адамға өтіп кеткен. Мемлекет басшысы осы мәселеге қатысты арнайы топ құрып, шұғыл шешім қабылдау үшін 1-мамырға дейін уақыт берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!