Шенеуніктер еңбек ұжымдарының талабына әлі селқос қарап отыр
Маңғыстауға тағы да үкімет комиссиясы баруы мүмкін. Өйткені өңірде еңбек дауы одан бетер өршімесе, азаймаған. Бұл - жұмысшылар мәселесінің толық шешілмеуінің салдары деді президент. Ал шенеуніктер мен компания басшылары еңбек ұжымдарының талабына әлі де селқос қарап отыр.
Автор: Әзиза Төленби
08.02.2022
«Жұмысшылар наразылығын жасырмай, ашық айту керек» деген Тоқаев, олардың заңды талаптарын орындауды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Наразылық білдірген азаматтардың проблемасын шешу үшін үкімет пен "Самұрық-Қазына" қоры тығыз жұмыс істеуге тиіс. Қажет болса, үкіметтің арнайы комиссиясын тағы да Маңғыстау облысына жіберу керек. Қаражат бірінші кезектегі міндеттерді шешуге жұмсалуға тиіс. Сондықтан істі созбалаңға салмай, дереу жұмысқа кірісу керек. Расында, облыстағы ахуал мәз емес.
Митингті тоқтатпай жатқан жұмысшылардың басты талабы — жалақыны көтеру. Мәселен, Маңғыстау облысында алаңға шыққандар жаңа жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтік пакеттер тек таңдаулыларға емес, бәріне бірдей берілуін сұраған. Өңірдегі 24 бірдей ұжым былтырдан бері ереуілдетіп талап тілектерін айтқанымен, жауапты басшылар былқ етпеді. Тіпті жарымайтын сол жалақының өзін кешіктіріп жатқан мекемелер бар. Мұны бүгін облыс әкімі Ноғаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Ал Алматы облысындағы өрімдей 21 мың жас қыз-жігіттің даулайтын айлық түгілі, жұмысы да жоқ. Не барып жүрген оқуы жоқ. 53 мың жетісулық кәсіби білім де алмаған. Қаңтардағы митингте мыңдаған адамның шығуына жұмыссыздық пен кедейлік тікелей әсер еткенін облыс әкімі жасырмайды.
Қанат Бозымбаев, Алматы облысының әкімі:
- Біздің ойымызша, негізгі проблема — халықтың табыс деңгейінің төмендігі. Облыста 53 мың жастың арнаулы орта немесе жоғары білімі жоқ, оның 21 мыңы жұмыс істемейді және оқымайды. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2015 жылдан бар болғаны 4 пайызға дейін өскен. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 272 мың адамға, яғни 10 пайызға ғана артқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!