Тоқаев: Халықтың табысы күнкөрісіне жетпейді, ал үкімет өтірік есеп беруін қояр емес
Қазақстандағы бір миллион халықтың табысы күнкөріс деңгейіне жетпейді. Ал Үкімет жалақыға қатысты өтірік есеп беруін қояр емес. Қоластындағылардың шала ісіне күйінген Тоқаев көпірме есепті тоқтатуды талап етті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
08.02.2022
Қазір елде әлеуметтің әлеуетін көтеретін бағдарлама әзірленіп жатыр. Қоғам мүддесін бірінші қоюға үндеген президент Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін тағы көтерді. Арзан әрі таза энергиясыз экономика құлдырайды дейді мемлекет басшысы. Сондай-ақ халықтың өзіне жұмсалуы тиіс ақшасын қалтасына басқан делдалдарға тоқтау салынбақ.
Қаңтардағы қақтығыстан үлкен сабақ алған Үкіметке биылғы даму жоспарын үш аптаның ішінде жасау жүктелген-ді. 28 күннен кейін Министрлер кабинеті президенттің алдына жиналды. 108 тапсырманың 44-ін орындапты. Жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатқанын көрсеткісі келген Смайылов пен оның командасының алдында әлі де атқарылар іс шаш етектен. Шетелге заңсыз асқан ақша мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару бойынша екі айдың ішінде Тоқаев Үкіметтен нақты ұсыныс күтеді.
Шетелде шалқып өмір сүргендер туралы президент бір айда төртінші рет сөз қозғап отыр. Өйтпеске амалы жоқ. Елде кедейлер мен қарызға белшесінен батқандардың саны артып барады. Үкімет те көзбояушылыққа барып, халықтың табысы өсті деуден шаршамайды. Шындап келгенде бұқараның тапқан таянғаны соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс.
Жұрттың айлығы шайлығына жетпейді. Пәтер жағалап жүргендер өз баспанасы туралы ойлаудан қалған. Өйткені нарықта тұрғын үйдің бағасы қымбат. Елдегі жағдайдан кейін жалдамалы үйлердің 50 пайызын субсидиялаймыз деп, Үкімет амалдың жоқтығынан шара қабылдады. Алайда ол жеткіліксіз. Мемлекеттік тапсырысты алса да, салған үйлерінің құнын шарықтатып сатуды Қазақстандағы бірнеше ғана құрылыс компанияы біледі. Тоқаев құрылыс нарығындағы бәсекелестіктің жоқтығына налыды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Үкіметтен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекелі дамыту жөнінде шаралар пакетін қабылдауды тапсырамын. Тендерлерді үнемі жеңіп, содан кейін құрылыс жобаларын қосалқы мердігер компанияларға беретін құрылыс компанияларының есімдері белгілі.
Елімізде тиімсіз делдалдыққа тоқтау жоқ. Көмірдің бағасын аспандатып, интернетте сатылған пойыз билеті үшін комиссия алатындар да сол екі ортадағы жүгірмектер. Соның кесірінен халық зардап шегеді. Қалтасын қампайтқан монополистермен күресуді, оларға тұсау салуды мемлекет басшысы үкімет пен «Атамекен» палатасына тапсырды.
Ал Қазақстанға аса қажетті атом электр станциясын салу мәселесі төңірегіндегі әңгімелер президентті шаршатқан сыңайлы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жауапты тұлғалардың атом станциясын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек, егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айрылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет.
Иә, былтыр оңтүстік өңірлерде жаппай жарық сөніп, жұрт абдырап қалды. Көрші елдерден электр энергиясын тартып отырған біз шұғыл шаралар да қабылдадық. Дегенмен, майнингтік фермалар орасан зор шығынға батырып жатыр. Оның тиімсіздігін де президент тілге тиек етті.
Цифрлық майнингке енді салық көтеріледі. Осы электроэнергия сияқты түрлі салаға иелік етіп отырған «Самұрық-Қазынаның» жағдайы 10 күннен кейін белгілі болмақ. Қазіргі күні әл-ауқат қоры тендермен айналысқан 55 қызметкерді жұмыстан босатқан. Бұл бірақ «Самұрыққа» деген Тоқаевтың ойын өзгертпейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біріншіден, бұл, әрине, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы. Бұл туралы мен осымен үшінші жыл айтып келемін. Әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Онымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге де байланысты. «Самұрық-Қазына» құрылыс және қайта жарақтау саласында ауқымды жұмыс атқарады. Әдетте белгілі бір компаниялар ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл, әрине, біріншіден, жұмыстың сапасына, екіншіден, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді.
Реформалау қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында да жүріп жатыр. Осы орайда шағын бизнесті палатаның мүшелік жарнасынан босату көзделген. Айта кетейік, бүгінде отандық бизнес құрылымындағы шағын компаниялар үлесі 90 пайыздан асады.
Бәрін айт та, бірін айт, осындай былықтарға батып өмір сүріп жатқанда жас қазақстандықтар алаяқтар мен жемқорларға қарап бой түзеп жатыр деп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңілі елең-алаң. Қомақты қаржы табуға осы жол ыңғайлы дейтін жастарға президент кеңейтілген отырыста ағалық ақылын айтты. Адал еңбек ету бізде бағаланбаса да, маңдай терді төгіп еңбектену керек деді. Масылдықты қойып, дұрыс әрекетке көшу керек. Сонда ғана Қазақстан өркениетті қоғам бола алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!