«Қазақстан халқына» қоры қолма-қол ақша бермейді — қандай құжат қажет
Тойға да, көлікке де ақша сұрағандар да бар. «Қазақстан халқына» қорына осылай арыз түсіретіндер көбейген. Қисынсыз өтініштер бұнымен шектелмейді. Бірі музыкалық аспапты қаласа, бірі тауарлық несиесін төлеп беруді өтініпті.
Автор: Елдос Есенбол
09.02.2022
«Мұндай өтініштердің кесірінен расында көмекке зәру жандардың уақыты текке кетеді», - дейді қайырымдылық қорының өкілдері. Өйткені әрқайсысын жіті тексереміз деп отыр.
«Қазақстан халқына» қоры ауыр және сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршінді асырап алған және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді.
Қорға жиналған қаржының бір бөлігі спорт және білім беру инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ.
Елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қаза тапқан қызметкерлердің де отбасына жәрдем берілмек.
Көмек алу үшін қандай құжаттар қажет?
Бұл сұраққа жауапты азаматтар atamekenim.kz сайтынан таба алады. Дәл қазіргі уақытта «Қазақстан халқына» қорына он үш мыңнан астам өтініш түскен. Көмек беру реті мәселенің шұғылдығына қарай реттелмек дейді қор өкілдері. Ескерте кететін жайт, қор ешкімге қолма-қол ақша бермейді.
Әлібек Әбділов, «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі:
- Қолма-қол ақша берілмейді. Ең біріншісінде бұл тауар немесе қызмет түрінде берілетін көмек. Егер бір азаматқа мүгедектерге арналған арба керек болса, ол арба түрінде жіберіледі. Ең болмағанда ақшалай көмек керек болса, сол бенефециардың банк шотына жіберіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!