Солтүстік өңір көмір тапшылығын тартып отыр
Қысы қатты солтүстік өңір биыл көмір тапшылығын тартып отыр. Темір жол тұйықтарына жеткізілген қара кесек бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан отын іздеген тұрғындар түннен бастап кезекке тұруға мәжбүр. Ал құрқол қайтқаны үйін немен жылытарын білмейді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
09.02.2022
Шұбаркөл іздеп шұбырған жұрт көмір қоймасына бірі қараңғы, бірі жарықта жиналған. Жүзден аса жүк көлігі облыстың түкпір-түкпірінен келіпті. Ерте келмесе көмірден қағылады. Бүгін жеті вагон көмірді жұрт қылдай бөліп, әп-сәтте талап алды.
Ержан Байманов, көлік жүргізушісі:
- Биыл бір сұмдық болды. Бұндай жағдай бұрын-соңды болып көрмеген. Мен таңғы сағат жетіде келгенде кезектің соңында болғанмын. Жаңа ғана түсірді деп еді, бізге жетпей қалды.Осы көмірді он күннен бері күтіп жүрміз. Енді ертең үш вагон түсіріледі деді. Ол да жетпей қалатын шығар.
Шенеуніктер өңірге көмір тоқтаусыз жеткізіліп жатыр дейді. Айтуларынша теміржол тұйықтарында қыстық отынның 2 мың тоннасы жатыр екен. Бірақ жұрт Шұбаркөл көміріне таласып-тармасуда. Сондықтан оның тағы бір мың тоннасы жолда дейді жауаптылар.
Бақыт Ілиясов, СҚО энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Шұбаркөл бойынша айтарым, осы айда жоспар бойынша бізге 100 вагон көмір жеткізілуге тиіс. Оның 30 вагоны келіп жетті. Көмір теміржол тұйықтарында белгілі бір уақытта ғана түсіріледі. Кезектің бұлайша жиналып қалуы осы жағдайға байланысты. Айдың басында жеткізілген тауарды теміржол айрығында түсіріп, Петропавл станциясына жеткізгенше бірнеше күн кетеді.
Көмір тапшылығы әзірге оның бағасына әсер етпеген екен. Шұбаркөлдің тоннасы-14800 теңгеден сатылуда. Бірақ теміржол тұйығынан үйге дейін жеткізу құны үш есе қымбаттапты. Көлік жүргізушілері мұны ұзақ кезек күтумен байланыстырады. Өйткені тұрған сайын жанармай көп кетеді дейді.
Еркебұлан Тәліп, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Қоймада қазір көмір жоқ. Мен қыс бойына жететін көмірді бір уақытта тасып ала алмаймын. Оған менің зейнетақым жетпейді. Сондықтан аз аздап аламын. Бес тонна алсам, соның өзі қалтама ауыр тиеді. Үйде бала-шаға бар. Неге қоймада отын қоры жоқ? Соны түсінбеймін.
Дәл бүгінгідей аязды күні көмір көп жағылады. Тұрғындар ағашты айтпағанда, қатты отынға кемінде 100 мың теңге жұмсаймыз дейді. Арқаның алты ай қысы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан солтүстіктегілер көмір қорын көбейтсе деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!