Тоқаев: «Жазықсыз мерт болғандар көп, бұны өзім де уайымдаймын»
«Құдай қосқан көршіміз». Президент Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа осындай баға берді. Екі елдің өзара ынтымақтастығы жалғасатынын айтты. Бүгін Мәскеуде екі ел басшылары қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет кездесті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
10.02.2022
Кремльдегі кездесуде адам өліміне әкелген елдегі тәртіпсіздіктер сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Алғашқы тергеу нәтижесі де жарыққа шықты. Өкінішке орай, жазықсыз мерт болғандар көп. Бұны өзім де уайымдаймын. Қайтыс болғандардың туыс-туғандарына көңіл айттым. Әр жағдайға жеке талдау жүргізілетін болады. Кінәлілер міндетті түрде табылып, өз жазасын тартады. Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымы сарбаздарын дер кезінде жібергеніңіз үшін рахмет. Ресей мен Қазақстан құдай қосқан көрші. Бізді әлемдег і ең ұзын құрлықтық шекара байланыстырып тұр. Екі ел арасында достық пен ынтымақтастықтан басқа ештеңе болуы мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта да осы байланысты жалғастыра береміз.
Президенттер алдымен қол алысып, орындыққа жайғасты. Қонағын қошеметпен қарсы алған Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты өзі шақырған.
Жұмыс сапары барысында қос тарап стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастарға бағытталған маңызды келісімдерге қол қойды. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толады. Күзде аталып өтеді. Ресей мен Қазақстан іскерлік және гуманитарлық байланысты нығайтатын маңызды бірқатар іс-шаралар ұйымдастырып, ірі жобалар әзірлемек.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
- Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі саналады. Соңғы бір жылда тауар айналымы 34%-тен астам өсіп, 26 миллиард долларға жетті – қарқын жаман емес. Біздің ғарыш, энергетика және машина жасау салаларында ірі жобаларымыз бар. Ресей инвестициясының жалпы көлемі 18 миллиард доллардан асты. Сондықтан жұмысты жалғастырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!