Елімізде танымал вайнерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Елімізде танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желіде түрлі компанияны жарнамалап жүрген блогерлер Мейіржан Төребаев, Әзім Саидбаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.02.2022
Егер олардың кінәсі дәлелденсе бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Абай Жарылқасын, Алматы қаласы сотының баспасөз хатшысы:
- Алматы қаласының тергеу сотының қаулысымен азаматтар Төребаев пен Шерниязовқа қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қанағаттандырылды. Кепіл соммасы 1000 АЕК. Азамат Сайдбаевқа қатысты сырттай қамауға алу өтініш хаты қанағаттандырылды. Үшінші азамат еліміздің аумағында емес. Қазақстан территориясына келген кезде оны қамауға алады.
Төрт ай бұрын 160 адамның екі миллиард теңгесін алдап қалтасына басты деген күдікпен «Мудараба капитал» компаниясының басшысы ұсталған болатын. Бүгін күдіктілердің тізіміне енген үш вайнер осы Руслан Буркановпен бірге жарнама ролигін түсіріп жұртты «қаржыны оп-оңай еселеп алыңдар» деп шақырған.
Нақтырақ айтсақ, Astex.kz компаниясы халыққа мемлекеттік сатып алумен айналысып әр азаматқа ай сайын салған ақшасының 20 пайызын төлеп отырамыз деп сендірген. Ортада делдал «Мудараба капитал» мекемесі болған.
Өткен жылы салымшылар сан соғып қалғанын түсініп шу шығарған. Содан кейін қаржы пирамидасын ұйымдастырған Astex.kz компаниясының директоры Алмас Құрманғалиев те қамалған еді. Сотқа дейінгі тергеу әлі жалғасып жатыр.
Мейіржан Төребаев:
- Мен ештеңкені ұйымдастырған да, ашқан да жоқпын. Компанияның қатысушысы, һәм құрылтайшысы болдым. Бірақ өткен жылы шығып кеткем. Өйткені мен де салымшылармен бірге осы мекемеге ақша құйып, жәбірленуші ретінде полицияға арыз жаздым. Маған тағылған айып негізсіз. Адвокатым тиісті органдарға арыз жазды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!