Қаржы пирамидасы: Әзімжан Саидбаевқа іздеу жарияланды
Қаржы пирамаидасын құрды деген күдікке ілінген Әзімжан Саидбаевқа іздеу жарияланды. Танымал вайнердің қазір қайда жүргені белгісіз. Алматы полициясы блогерді көрген-білгендер болса, бірден хабар беруді сұрайды. Кейбір бейресми ақпарат көздері оның Өзбекстанда жасырынып жүргенін жазған.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
11.02.2022
Әзімжанмен бірге күдіктілердің тізімінде вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Олар күні кеше кепілмен босатылған.
Үш блогер пирамиданың жарнама ролигіне түсіп, жұртты «қаржыны оп-оңай еселеп алыңдар» деп шақырған. Алайда олар жарнамалаушы ғана емес, тіпті осы пирамиданың тікелей ұйымдастырушылары болуы мүмкін деген күдікке ілінді.
Әу баста Astex.kz компаниясы халыққа мемлекеттік сатып алумен айналысып, әр азаматқа ай сайын салған ақшасының 20 пайызын төлеп отырамыз деп сендірген. Екі ортада «Мудараба капитал» мекемесі делдал болған.
Өткен жылы Astex.kz компаниясының басшысы Алмас Құрманғалиев пен «Мудараба капиталдың» басшысы Руслан Бурканов және осы іске қатысы бар өзге де тұлғалар ұсталған болатын. Осы қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 160 адамның екі миллиард теңгесін алдап қалтасына басқан.
Тергеу амалдары жалғасуда. Сондықтан сан соғып қалған салымшылардың ақшасы қашан және қалай қайтарылатыны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!