Ақтөбеде үлескерлерге арналған үйдің құрылысы тоқтап тұр
Ақтөбеде үлескерлер құрылыс жұмысын тоқтатып қойған кооператив басшыларына наразы. Алпыстан астам отбасы жаңа қонысқа былтыр кіруі керек еді. Бірақ тоғыз қабатты баспана құрылысы дәл жартысына жеткенде тұралап қалған. Енді үй де, салған ақша да жоқ деп ашынады үлескерлер.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.02.2022
Ал компания өкілдері құрылтайшының қазасына байланысты құрылысты тоқтатуға мәжбүр болдық деп ақталды.
Аты ерекше «Эксклюзив» деген кешенінің құрылысы былтыр бітуі тиіс еді. Іргетасы құйылмай тұрып ақшасын салған алпыстан астам отбасы соған сенімді болған. Қолындағы келісімшартта да нақты мерзім тайға таң басқандай көрсетіліпті. Бірақ кешеннің төртінші қабатына келгенде құрылыс тоқтап қалған. Басшылары да жөн-жосығын айтпай, үлескерлерді маңайына жолатпай қойыпты. Енді тұрғындар берген ақшасы мен сонша жыл күткен баспанадан айрылып қаламыз ба деп қорқады.
Ерлан Жеткінов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Міне, 2022 жылдың ақпан айы болды. Әлі төртінші қабат. Сол, әне-мінемен келе жатыр. Ана проблема, мына проблема. Үй, міне, қалай тұрды, солай қан қақсап әлі тұр.
Гүлнафис Есжанова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Неше айдан бері күтіп келеміз. Құрылыс жүрмейді. Дұрыс жүрмей жатыр. «Жүріп жатыр» деп бізді алдағандай болады. Бірақ қарасаң, 3-4 адам жұмыс істеп жүреді. Бір айда бір жар қаланып тұр. Шыдамның да шегі бар. Сабыры таусылған халық жиналып жатыр.
Наразы топты құрылыс алаңынан компания басшысы күтіп алды. Оның айтуынша, компанияның құрылтайшысы кенеттен қайтыс болып, құрылысты тоқтатуға мәбүр болған. Мұрагерлік құжатты жақында ғана рәсімдепті.
Ержан Нұрбосынов, құрылыс компаниясының басшысы:
- Осыдан алты ай бұрын апаттан қайтыс болды. Сол себепті тоқтап қалды, алты айдың ішінде. Өйткені мұрагерлік рәсімдеуге алты ай уақыт күту керек болды. Мен сұрап тұрмын. Сол уақыт ішіне дейін бітіретініме сенемін. Материал жағынан, барлық жағынан өзім бақылауға аламын.
Құрылыс компаниясының жаңа қожайыны үлескерлерден бір жыл уақыт сұрап отыр. Осы 12 айдың ішінде тоғыз қабатты «толық тұрғызып боламын» деп айтады. Бұған келіспей, ақшасын кері қайтаруды талап ететіндер болса, «салған үлестерін қайтарып беруге әзірмін» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!