Сал балаларды 300 шақырымдағы диспансерге ауыстырмақшы — Түркістан облысы
Түркістан облысында сал ауруына шалдыққан балаларды шенеуніктер туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырмақшы. Төле би ауданындағы науқас балаларға көмек көрсетуге арналған мектеп-интернатты Кентау қаласына көшіріп, бұл орталықты тубдиспансерге айналдырмақшы екен.
Автор: Бек Әбиев
11.02.2022
Бұған денсаулығы дімкәс балалардың ата-аналары мен мекеме ұжымы қарсы. Олар мектеп-интернатты сақтап қалу үшін құзырлы орындарға хат жолдады.
Төле би ауданындағы бұл мектеп-интернаттың жұмыс істеп тұрғанына 30 жылдан асқан. Сал ауруына шалдығып өздігінен жүріп тұра алмайтын жеткіншектер бұл жерде жатып оқиды. Енді осы ауыр дертке шалдыққан балалардың сауатын ашатын орталықты 300 шақырым қашықтағы Кентауға көшірмекші. Бұған ата-аналар үзілді-кесілді қарсы.
Айгүл Сатыбалдиева:
- Айдаладағы қала, экологиясы нашар, жан-жағының бәрі зауыт, ылғалдық көп. Туберкулез орталығына баратын болса, өзі жарымжан балалар, бұл мазақ қой. Одан гөрі бір-бір укол салып өлтіріп тастай салсын, шындығын айтқанда. Таза ауа денсаулығына пайдалы осы жер.
Осында білім алып жүрген 64 науқас оқушыға қолдан жасалған қастандық деген ата-аналарға мектеп-интернаттың ұжымы да қосылады. Мұғалімдерге жиналыс жасаған интернат басшысы орталықтың көшетіні туралы қаулы шыққанын айтып, өздеріңе жұмыс іздеңдер деген. Содан бері бірнеше ұстаз жұмыстан да кетіпті.
Айғаным Сейітова, мұғалім:
-Тәрбиешілер, мұғалімдер жалпы мекемедегі барлық қызметкерлер әбден төселген мамандар. Кем дегенде бәрінің еңбек өтілі 10 жылдан жоғары. Енді бұл балалар Кентауға барса, осындай машықтанған мамандар бар ма ол жақта? Ол балалардың жағдайы қалай болады? Білмеймін, бұл мекеме о баста осы балаларға арналып құрылғандықтан, балалардың осы жерде қалғаны, өздеріңіз естігендей, ата-аналарға да, жалпы осы төңіректегі ауыл тұрғындарына да жақсы.
Ал мекеме басшылығы Кентауға көшіру туралы жоспар облыс шенеуніктерінің тарапынан болған дейді. Түркістан облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысы келіп талқылапты. Бірақ ұжым мен ата-аналардың қарсылығынан кейін көшті тоқтата тұрған.
Ләззат Есназарова, №4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Жоспармен Кентау қаласына көшіру тұғын. Енді кешегі нақты шешім шықпағандықтан Кентау қаласына көшірілмейді. Жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз. Әзірге жабылмайды.
- Негізі жоспар бойынша Кентау қаласындағы диспансерді осы жерге көшірмекші болды ма?
- Кентау қаласында диспансер жоқ. Түркістан қаласында психоневрологиялық ауытқуы бар азаматтарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бар. Алайда ол орталық мұнда көшірілмейді.
Алайда бұл нақты шешім емес екенін басшының өзі айтады. Егер балалар саны азайса, орталық көшуі не жабылып тынуы мүмкін. Сондықтан ұжым қызметкерлері қайтсек те мектеп-интернатты сақтап қаламыз деп құзырлы орындардың бәріне хат жолдамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!