Ақтөбе облысы: 3 ай суық үйде жатқан өлім аузындағы әйел табылды
Қараусыз қалған. Ақтөбе облысында үш айдан бері суық үйде жатқан өлім аузындағы әйел табылды. 52 жастағы Зәмзәгүл Жасымованы көршілері кездейсоқ анықтаған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
11.02.2022
Ал дәрігерлер «көзім жөнді көрмейді, құлағым дұрыс естімейді» деп мұңын шаққан әйелдің басты пробеламасы ішкілікке салынғанында дейді. Аймақты шулатқан бұл оқиғаға шенеуніктер де енді араласып жатыр.
Әр бұрышы, әр ыдысы кір-қожалақ бұл жерді пәтер деп айтуға аузын бармайды. Мынадай жерде өмір сүру туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Алға ауданындағы осы көпқабатты үйде Зәмзәгүл Жасымованың үш айдан бері тырп етпей дала көрмей жатуына не түрткі болғаны қазір бәріне жұмбақ. Көршілері судың тоқтау себебін анықтаймыз деп әр пәтердің есігін қағып жүргенде кездейсоқ тап болған. Азынаған бөлмеде кір көрпенің астында қалтырап жатқан әйелді бірден ауруханаға жеткізген.
Ирина Рущук, Алға ауданы ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Бізге түскенде өзі де, киімі де кір болды. Ұзақ уақыт суға түспегендіктен қатты иіс шықты. Шашын тақырлап алып тастап тазалап жуындырдық. Қызметкерлер үйінен өз киімдерін әкеліп кигізді. Көзі мен құлағына шағымданды. Қан қысымы қалыпты.
Дәрігерлер сөз суыртпақтап әңгімеге тартқанмен ағынан ақтарылмай жүрген келіншектің негізгі ауруы арақта болуы мүмкін дейді. Бірақ зиян әдеті туралы Зәмзәгүл Жасымованың өзі сөз қозғауға құлық танытпады. Не себепті осындай күйге түскенін де түсіндіре алмады.
Зәмзәгүл Жасымова:
- Жатқанда жұмысқа барып, содан ауырып келдім. Докторға келіп едім, сақтандыру полисін сұрады. Анау керек, мынау керек, ондай менде дым қағаз жоқ. Содан қабылдаған жоқ. Содан жеңіл-желпі дәрі алдым да, үйде ішіп жаттым.
Сұрақ көп болғанмен, жауап жоқ. Әкімдіктегілер келіншектің 29 жастағы ұлы барын анықтаған. Жақын арада алып кетуге уәде де берген. Бірақ анасы бүрсең қағып пәтерге қамалып жатқанда қайда болғанын айта алмаған.
Мейірхан Ермағамбетов, Алға ауданы әкімінің орынбасары:
- Жағдайы қазір өте жақсы деп айтуға болады. Ешқандай қауіп жоқ. Туыстары бойынша біз туыстарына шығып хабар бергенбіз. Жақын арада ғана екі күн бұрын туған ағасы келді. Тиісті азық-түліктерін барлығын әкеліп тастады. Бірақ алып кету бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.
Жақындары алып кеткенше шенеуніктердің бықсыған пәтерді ретке келтірмек. Барлық қоқысты шығарып, тазалық жұмысын жүргізуге уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!