Ковид-19: Қазақстан «қызыл» деңгейден «сарыға» ауысты
Коронавирус қаңтардағы қарқынынан әлдеқайда бәсеңдегенімен, індет балалардан көп анықталып жатыр. Бір тәулікте Ақтөбе облысында ковидті жаңа туған 9 сәби жұқтырған. Ал Алматыда кеселмен 77 кішкентай күресуде.
Автор: Салтанат Шырынхан, Айман Нұрмағанбет, Жаңалық Ахаш
14.02.2022
Дәрігерлер әлі де арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертеді. Десе де Маңғыстау облысында карантин талаптарын сақтамайтындар күн санап артуда. Ashyq қосымшасы арқылы ковид анықталған 200-дан астам адам қоғамдық орынға кірмек болыпты.
Ақтөбе облысында эпидахуал тұрақтала бастаған. Вирус соңғы тәулікте 22 тұрғыннан табылыпты. Оның 9-ы жаңа туған сәби. «Жасыл» аймаққа ауысқан өңірде бұған дейін де қатаң шектеулер болмады. Осыған орай инфекциялық ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер арнайы форманы үнемі киіп жүру қиын деп арызданыпты. Бұған денсаулық сақтау басқармасындағылар өзінің және өзгенің қауіпсіздігі үшін төзуден басқа амал жоқ деп отыр.
Мұхтар Сербаев, Ақтөбе облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Пандемия қашан аяқталатынын болжау қиын. Қазіргі кезде бізде инфекциялық аурулар төмендеуі байқалып отыр. Ғалымдар әртүрлі болжам жасап отыр, «омикрон» штамына сәйкес айналымдағы. Осы инфекция биыл тоқтауы мүмкін деп. Тоқтағанын күтіп отырмыз. Тоқтайтын шығар.
Маңғыстау облысында коронавирус соңғы тәулікте 5-ақ адамнан анықталды. 45 адам аурудан толық айыққан. Мамандар мұны карантиндік шараларды қатаң сақтаумен байланыстырады. Десе де өңірде Ashyq қосымшасын бұзғандар көп. Жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 209 адам қоғамдық орынға кірмек болған. Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, індеттің таралу қаупін тудырғандардың дені қоғамдық тамақтану орындарына, халыққа қызмет көрсету орталығы мен сауда үйлеріне кіргісі келген. Карантин режимін бұзғандарға 45 945 тг айыппұл салыныпты.
Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің басшысы:
- Жыл басынан бері 208 рейд жүргізілді. Оның ішінде 447 объектіні тексерілді. «Ашық» жобасымен 203 «қызыл» мәртебесі бар және 6 «сары» мәртебесі бар тұрғындар анықталып, ол кісілер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жұмыс жүргізілді.
Жалпы коронавируспен соңғы тәулікте тағы 1311 отандасымыз тіркелген. Оның 10-ы ажал құшты.
Қазақстан «қызыл» деңгейден сарыға ауысты. Ал өңірлер арасында індет таралуда қауіптің ең жоғары деңгейінде 2 қала мен 5 облыс бар. Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары эпидкартада сары түске боялған. Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында ахуал тұрақты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!