{metadescription}
Бейжің Олимпиадасындағы қоржынымыз әлі бос
Бейжің Олимпиадасындағы қоржынымыз әлі бос

Бейжің Олимпиадасындағы қоржынымыз әлі бос

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары бел ортасына келді. Алайда төртжылдықтың басты додасында ел құрамасы жүлдеге іліге алмай жатыр. Бүгін фристайл-акробатикадан жарыс жолына шыққан екі спортшымыз да сүрінді. Әзірге өрендеріміздің ең үздік көрсеткіші төртінші орын.

Бұл нәтижені шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев көрсеткен болатын. Жарыстың соңғы алты күнінде медаль алады-ау деген фавориттеріміз де қалмады.

Ақ Олимпиаданың тоғызыншы күні өз мәресіне жетті. Бүгін әйелдер арасында фристайл-акробатика бәсекесінде екі бірдей спортшымыз ел намысын қорғады. Өкінішке қарай екі іріктеуде де Жанбота Алдабергенованың жолы болмады. Ол төмен ұпаймен жарыс жолынан шығып қалды. Бірақ спортшымыз жанкүйерлерді қуанту үшін бар күш жігерімді жұмсадым ағынан жарылды. 

Жанбота Алдабергенова, фристайлшы:

- Қолдауларыңызға көп рақмет. Теледидарда отырғандарыңызды сезіп тұрдық. Өкінішке қарай финалға кіре алған жоқпын. Кеше ғана Абзал айтып өтті. Қазақстар қысқы спортта жоқ деген стереотипті бұзғым келеді деп. Дәл солай мен де қолдаймын. Қазақтың батыр қыз-ұлдары болып фристайл-акробатикадан секіріп жүрміз.

Ал Ақмаржан Қалмұрзаева 98,68 ұпай жинап, финалға жолдама алған. Алайда 12 спортшы шеберлік байқасқан ақтық сында отандасымызға сәттілік серік болмады. Шаңғымен айналып секірген Ақмарал алдымен жерге оңбай құлады. Екінші мүмкіндігін де мүлт жіберіп, жүлдеге таласатындардың қатарына кіре алмады.  

Бейжіңде қыза түскен қысқы ойындарда Қазақстан құрамасы әлі жеңіс тұғырынан көрінген жоқ. Әзірге ең үздік нәтиже жаһандық жарыстың ашылу салтанатында ту ұстап шыққан Абзал Әжіғалиевтің еншісінде. Күні кеше шорт-тректен 500 метр қашықтықта сынға түскен Абзал қолаға бір табан жете алмай төртінші орынды иеленді. Аталған жарыста мұз айдынына шыққан Денис Никиша, Ольга Тихонова мен Яна Хан да барын салып, шорт-трек шеберлеріміз аралас эстафетатада командалық есепте 5-орынға жайғасты.

Яна Хан, Қазақстан құрамасының спортшысы:

- Менің ойымша, біздің команда ел намысын абыроймен қорғады. Үздік бестікке кіру әзірге Қазақстан құрамасының тарихи жетістігі. Спортшылар жүлде алу үшін барын салып жатыр. Біз де аянып қалған жоқпыз. Қолдау білдірген жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.  

Шорт-тректен жақсы нәтиже көрсеткен осы төртікке 10 мың доллардан берілетін болды. Өйткені бізде 4-ші, 5-ші және 6-шы орын алғандарға да сыйақы қарастырылған.

Жалпы Қазақстан Олимпиада ойындарында топ жарғандарға ең көп сыйақы беретін мемлекеттердің көшін бастады. Мәселен, бізде алтын алған спортшыға 250 мың, ал күміс пен қолаға, 150 және 75 мың доллардан табысталады. Бірақ төртжылдықтың басты додасы бел ортасына келсе де қоржынымыз әлі бос. Жарыс осы аптаның соңына дейін жалғасады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде