Үздіктер Жусан компаниялар тобында жұмысқа орналаса алады
Жусан айти саласын меңгергісі келетіндердің басын қосты. Жусан Сингуләрити мектебін ашып, ақпараттық технологияларды үйретуге кірісті. Іріктеу кезеңінде таңдалған үздіктер Жусан компаниялар тобында жұмысқа орналаса алады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.02.2022
Jusan Singularity білім беру хабы жақында жұмысын бастайды. Соңғы үлгідегі компьютерлік жабдықтар әкелінген, заманауи коворкинг орталық дайын тұр. Мектепті ашудағы басты мақсат – білікті ІТ мамандарын даярлау. Өйткені Jusan компаниялар тобында сұраныс жоғары.
Архат Ізбасов, Jusan Singularity бағдарламасының жетекшісі:
- Jusan экожүйесі қазір қарқынды дамуда. Осыған байланысты үздік ІТ мамандарға деген сұраныс ұлғаюда. Қазір Jusan тобы компанияларына әртүрлі бағытта 250-ге жуық ІТ маманы керек. Сұраныс 2025 жылға қарай 1000-ға дейін артуы мүмкін.
Әзірге болашақ ІТ мамандар арасында іріктеу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 3000-нан астам қазақстандық Jusan Singularity бағдарламасы бойынша оқуға ниет білдірген. 21 ақпанда екінші кезең басталып, оқу үш апта онлайн форматта өтеді.
Архат Ізбасов, Jusan Singularity бағдарламасының жетекшісі:
- Жас бойынша шектеу қоймағандықтан, 15 жастан 57 жасқа дейінгі адамдар бізге өтініш қалдырды. Арасынан ең таңдаулы деген 100-ге жуық адамды алып әрі қарай оқытуға өткіземіз.
IT-мектепте JAVA, iOS, Android, Frontend әзірлеушілері, DevOps инженерi мамандығы бойынша оқыған студенттер төрт айдан соң Jusan-да тағылымдамадан өтіп жұмыс істей алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!