Шымкентте мембағдарламамен баспана алғандар суық әрі сапасыз үйде шулап отыр
Шымкентте шенеуніктер шұрық-тесік пәтерлерді жамап құтылмақ. Тұран-2 шағын ауданындағы көпқабатты үйлерден мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алған жұрт баспанамыз суық әрі сапасыз деп шулап отыр. Өйткені жел соқса, үй іші гуілдеп, жаңбыр жауса су ағады.
Автор: Бек Әбиев
15.02.2022
Ал саңлауы көп үйлерді қабылдап алған шенеуніктер енді тесіктерге көбік құйып пәтерлерді жылытпақшы.
Тұран -2 шағын ауданындағы бұл үйлерден пәтер алу үшін жұрт жылдап кезекке тұрған. “Шаңырақ” бағдарламасымен бірер ай бұрын ғана баспаналы болғандар енді өкініп жүр. Себебі, үйлер сапасыз құрылыс материалдарымен салынған дейді. Тұрғындардың көпшілігі көшіп келгелі жөндеу жұмысынан көз ашпай келеміз деп отыр.
Ақтолқын Құралбай, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Үш айдан бері жөндеуден шаршадым. Ана жерін түртсем, мына жері құлайды, мына жерін түртсем, ана жері. Жөндеуден Мен жөндеуден көз ашып жатқан жоқпын. Үш айдан бері есіктерімді тіпті сүртуге қорқамын. Сүртсем, бояуы ағады. Бұндай есіктерді қандай басшы қабылдап алғанын түсінбеймін. Линолеум жамау, есіктерім шұрқ-тесік.
Көпқабатты тұрғын үйлер суық болған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы алып ақысын ай сайын төлеп жатса да, көпшілігі қоныстанбаған да екен. Қаңырап тұрған пәтерлер сызаттанып су өтіп жатқан жерлері де бар. Ал басқа барар жері жоқтар қосымша электр жылытқыштарын қосып шығындалып жатырмыз деп налиды.
Гүлнұр Көлбай, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бізге үй 12 млн 180 мыңға екі бөлме шығып тұр. Ай сайын мен 95 мыңдай төлемақым бар. 14 жыл бойы бойы мен сонда жарықтың ақшасын төлеймін бе, ипотеканың ақшасын төлеймін бе? Не сапа болмаса, не жылу болмаса! Үйге келгенде рахаттанбасаң, аяқ-қолың көсіліп. Ол үй менің 20 жылда зорға жеткен үйім.
Үйлердің ауласы құрылыс қоқысынан аяқ алып жүргісіз. Бұл бүгін тұрғындар шулаған соң біраз ретке келтірген түрі екен. Әу баста тұрғындарға айтылған жоба мен қазіргі автотұрақ пен ойын алаңшасы мүлдем сай емес көрінеді.
Оспан Әбиев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Арттарыңызға қарайтын болсаңыз, қазір иесіктерді жамап жатыр. Жаңағы уәждерді айтып жатыр ғой, оларды жамап жатырмыз.
-Тесіктерге көбік құйып жатқанды айтасыз ба?
-Иә.
-Сол арқылы жылу мәселесін шешіп тастайсыздар ғой? Жел кірмеу мәселесін.
-Енді қатарынан мұздай ауа кірмесе, жылу да сақталады ғой.
Шенеуніктердің пәрменімен бүгіннен бастап тоғыз қабатты үйлердің әр тесігі көбікпен бітеліп жатыр. Осылайша тұрғындар тізесі жылиды-мыс. Бірақ жылудан емес, ашудан қаны қайнаған тұрғындар жергілікті әкімдерден түк шықпайды деп, құзырлы орындарға хат жолдапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!