«Сұр» майнерлер салықтан жалтарып шығынға батыруда
Қазақстанда майнерлерге салынатын салық 10 есе өсірілуі мүмкін. Өйткені еліміздегі криптофермалар қазіргі тиімді шарттарды молынан пайдаланып отыр екен. Бүгінде майнинг орталықтар тұтынған электр энергиясының бір киловатт сағатына бір теңгеден төлейді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.02.2022
Ұлттық экономика министрі жаңа салық туралы жаңалықты Үкімет отырысында жар салып айтқан жоқ, тек ақпараттық слайдтарында көрсетіп өтті.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бүгінде ресми тіркелген майнинг компаниялар шамамен 640 МВт электр қуатын тұтынады. Сонымен қатар «көлеңкелі» майнингпен айналысатындарды да ресми тіркеу қажет. Бұл ретте майнинг компаниялар электр энергиясын тікелей энергия өндіруші ұйымдардан немесе реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан тұтынады. Мұның басты себебі – тарифтің тартымдылығында.
Майнерлерге салынатын салықты көтеру президент тапсырма бергеннен кейін қолға алынды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы криптофермалар қазынаға аз салық төлеп жатыр деп мәлімдеді. Майнинг орталықтардың электр қуатын ірі қалалармен қатар аяусыз тұтынуы елдің энергетикалық жүйесінде проблемалар туғызып жатыр. Әсіресе «сұр» майнерлер салықтан, коммуналдық төлемдерден жалтарып шығынға батыруда. Заңсыз жұмыс істеген сондай орталықтарды іздеп, табуға Үкімет білек сыбана кіріскен.
Бүгін сондай заңсыз майнинг ферма Қарағанды облысында анықталды. 40 тонналық төрт контейнерде 1100-ден аса жабдық орналасқан. Құрал-жабдығының құны 6 миллион доллардай болады. Қазіргі уақытта «Сарыарқа» экономикалық аймағының басқарма төрағасына қатысты лауазым өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталған. Атқарушы билік осындай «сұр» майнерлерге енді жазаны қатаңдатпақ. Заң мақұлданса, олардың мүлкі тәркіленеді.
Бүгінде 14 криптоферманың қызметі тоқтатылған.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- «Сұр майнерлер» бойынша оларды жүйелі түрде анықтау үшін ұйымдардың тізімі жасалып, тұтынылатын электр энергиясының тарихи деректері құрылады және салық, кеден тексерулерінің нақты алгоритмі қолданылатын болады. Үшінші, уәкілетті органдармен бірлесе отырып ІР адрестерге шектеу қою арқылы “сұр” майнерлердің іс-әрекетіне тыйым салу тетіктері пысықталатын болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!