Қарлы боран: 1400-дей көлік далада қалып, 300-ге жуық адам құтқарылды
Ауа райының қолайсыздығынан еліміздің 10 облысында жолдар жабылды. Ақпанның ақтүтек боранында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 1400-ге жуық көлік діттеген жеріне жете алмады. Қарлы боранда қалып қойған 300-ге жуық адамға құтқарушылар көмек көрсетіпті.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
15.02.2022
Елорда, Қарағанды, Ақмола мен Жамбыл облыстарында боран әлі тыншыған жоқ. Синоптиктер жақын күндері ақтүтек боран әлі де жалғасуы мүмкін деген хабарлама таратып жатыр.
Ауа райының күрт өзгеруінен Нұр-Сұлтан-Шучье, Нұр-Сұлтан-Қарағанды жолдары жабылды. Енді ғана мектепке оралған оқушылар қайтадан қашықтан оқуға жіберілді.
Қарлы боран әуе қатынасына да кері әсерін тигізіп, кешеден бері халықаралық әуежайдан ұшуға тиіс 17 рейс тоқтатылды. Бүгінде қала бойынша қар күреу жұмысына 1000-нан астам арнайы техника мен 1500-ден астам жұмысшы жұмылдырылды. Бірінші кезекте, кептеліс болмауы үшін қозғалысы өте қарқынды жолдар тазартылады. Сондай-ақ вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар қардан тазартылуда.
Талғат Уәли, ҚР ТЖМ ресми өкілі:
- Бетпе-бет келіп жатқан бір проблема, елорда маңындағы ауылдар қалада жұмыс істейді, тұрғындары кешке жақын қайтар кезде Жібек жолы сияқты өзге де ауылдарға барады. Ол кісілерге полиция бекетінен асуға рұқсат етіледі. Бірақ та өзге де Қарағандыға, Ақмола облысына қарай шығып бара жатқан көліктер осы ауылға дейін барамыз деп, ары қарай облыстың аумағына шығып кетіп жатқан жағдайлар кездесіп жатады.
Бұл түн Ақмола облысының төтенше жағдай қызметін де аяғынан тік тұрғызды. Қалың қардың арты алай-дүлей боранға ұласып, жолдарды жабуға тура келді. Өңірде 3 республикалық, 17 облыстық маңызы бар жолдар техниканың барлық түрі үшін жабылды. Ал діттеген жеріне жете алмаған жолаушылар арнайы әзірленген жылыну бекеттеріне жеткізілді.
Олег Малюк, Ақмола облысы ТЖ департаментінің басқарма бастығы:
- Өңірде аса күрделі метео жағдай қалыптасты. Дауылды ескертуге қарамастан жолға шыққан көліктерге жолдың көрінуі қиындағандықтан қауіп аса жоғары болды. 116 адамды жылыту бекеттеріне жеткізумізге тура келді.Оның арасында 14 бала бар. 150 жеңіл, 13 ауыр көлікті қар құрсауынан алып шықтық.
Қалың түскен қарды тазартуға Көкшетаудың коммуналдық қызметі таңғы 4 те жұмысқа кірісті. Қыс бойы жаумаған қарды 45 техника мен 100 адам жабылып жинап жатыр.Олар әсіресе орталық көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын ашқан. Ал қаланың шеткі көшелерінің тұрғындары әлі де омбылап жүр.
Жамбыл облысында да ауа райы күрт нашарлап күре жолдардағы ахуал қиындап кетті. Қордай, Күйік асуларындағы бұрқасыннан көлік қозғалысы тежелді. Жолаушылар Алматы мен Шымкентке қарай шыға алмай жолда тежелді. Үріп жауған қар машиналарды аттап басқызбады. Жалпы саны 12 көлік қар құрсауынан шығарылып, 67 жолаушы құтқарылған. Оның арасында 15 бала бар. Күре жолдар тек бүгін түс ауа ашылды
Ауа райының құбылуы Қарағанды облысындағы тіршілікті де тұралатты. Ақтүтек боран мен көктайғақтан мектеп пен колледж оқушылары сабаққа бара алмады. Қалың қардан көліктерін қазып ала алмағандар тіпті жұмысқа автобус немесе таксимен баруға мәжбүр болған.
Қазір облыс орталығына сырттан кіретін жолдардың барлығы жабық. Діттеген жеріне жете алмағандар ауыл мектептері мен дәмханаларға орналастырылып, күннің ашылуын күтіп жатыр. Ал жолдың жабылғанына қарамастан қаладан шыққан көліктер бекеттерде ұзын-сонар кептелісте тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!