Әкімнің экс-орынбасары өзін видеоға түсіріп масқаралағандарды сотқа бермекші
Тараз қаласы әкімінің экс-орынбасары өзін видеоға түсіріп масқаралағандарды сотқа бермекші. Асхат Есеналиевтың сөзінше, әлдебіреулер видеоны әлеуметтік желіге жарияламас үшін одан қомақты ақша бопсалаған екен.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.02.2022
Асхат Есеналиев, Тараз қаласы әкімінің экс-орынбасары:
- 9- ақпан күні кешкі уақытта бірнеше адам менімен хабарласып, әлеуметтік желіге бірнеше видео бейненің шығатынын ескертіп, қомақты ақшалай қаржы талап етті. Мен ол ақшаны бермейтінімді ескертіп айттым.
Бұрынғы әкім орынбасары осылайша өзін аяқтан шалғандарды сотқа беремін деп білек сыбанып отыр. Жұмыстан өз еркімен шығып кетуі де сондықтан екен. Өйткені мемлекеттік қызметте мұндайға шектеулер бар дейді. Ал дау болған видеоның «Жасыл Тараз» мекемесінде түсірілгені белгілі болды. Асхат Есеналиевтың сөзінше, сол кабинетте тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлім басшысы, қала әкімінің кеңесшісі және құрылыс фирмасының директоры болған. Соңғы азаматпен Есеналиевтың бұрыннан бас араздығы болып, дау сол жерде тағы жалғасып, екеуі төбелесуге дейін барыпты. Бірақ ішімдік ішпегенін айтады.
Экс-шенеунік видеоны нақты кім түсіргенін және кімдердің ақша бопсалағанын ашық айтпады.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Асхат Есеналиев пен қала әкімі кеңесшісінің былапыт сөз айтып, мас адамша теңселіп тұрған видеосы тараған. Осыдан кейін екеуі де қызметтен өз еркімен кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!