«Ақиқат»: Қаңтар оқиғасын тергеуге ҰҚК қызметкерлерін жолатпау керек
«Қаңтар оқиғасын тергеуге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін жолатпау керек». «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы мемлекет басшысына осындай үндеу жолдады. Өйткені жаппай тәртіпсіздік пен атыс-шабысқа дәл осы ҰҚК-нің тікелей қатысы болуы тергеуге кедергі келтіреді дейді белгілі адвокаттар.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
15.02.2022
Комиссия мүшелері қаңтар оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық істердің барлығының тергеуіне қатысқысы келеді.
Мейіргүлдің туған бауырын іздеп жүргеніне бір айдан асты. Шеруге шыққан Мақсатты 6-қаңтарда полиция ұстап, бір аптадан кейін босата салған. Сол шыққаннан 31 жастағы жігіт хабар-ошарсыз кетіпті. Жақындары оның өлі, не тірі екенін білмейді.
Мейіргүл Қанатбаева:
- Бауырымыздың бар-жоғын білуім керек қой. Жаңаөзеннен іздеп келіп отырмын. Өлі, не тірі екенін білмейміз. Бір ай, он күн өтті. Полиция 12-сі шығарып жібердік деген. Содан бері мәйітханаға да бардым. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. «Алтын ордада» жұмыс істеген. Тачка сүйрейтін.
Мейіргүл сынды жаппай тәріпсіздіктерден кейін жоғалған һәм жазықсыз қамалғандардың құқығын қорғауға «Ақиқат» қоғамдық комиссиясы кіріскен еді. Заңгерлерден құралған комиссия мүшелері қаңтар оқиғасының себебін де анықтап көрмек. Айман Омарова бастаған топ дүрбелеңнен кейін қозғалған қылмыстық істерден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін түгел шеттету керек деп президентке үндеу жолдады. Өйткені басшылары «мемлекетке опасыздық жасады» деп күдікке ілінген комитетке сену қиын дейді олар.
Гүлайым Сыдықова, «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының мүшесі:
- Бүкіл Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қылмыстық істерді алып, Бас прокуратураға тергеуге беру керек деп есептейміз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өздерінің мекемелерін тастап кетіп қалған. Ондай бұйрық орындалмау керек деп есептейміз. Өйткені олар ант береді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үстінен қызметіне салғырт қарады деген іс те қозғалмаған.
Комиссия өкілдерінің мәліметінше, қамалғандардың арасында Қытай, Сауд Арабиясы, Өзбекстан азаматтары да бар. Бірақ қаралы қаңтарға қатысқан шетелдіктердің нақты саны әзірге белгісіз.
Айман Омарова, «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі:
- Зерттеген кезде кейбіреуі өз ұлтын "қазақ" деп жазғанымен, ұлты басқа сияқты. "Ұлтың кім?" деп сұрағанда, "қазақ" деп айта салғандай. Мен полицияға ата-анасының ұлтына қарау керегін айттым. Ал өңірлер бойынша көбінесе Түркістан мен Алматы облысының тұрғындары. Басқа облыстардан да бар, бірақ олардың үлесі аз.
Қоғамдық комиссияның қатысуымен бірнеше қаланың тергеу абақтысында жатқан 45 күдікті үйқамаққа жіберілген. Адвокаттар «туысымызды изоляторда азаптады» деген шағымдарды да қарап, азаматтарға құқықтық кеңес бермек.
Жалпы осы комиссиясының негізгі міндеті — қаңтар қасіреті арнайы ұйымдастырылған ба, оған кім кінәлі деген түрлі сұрақтарға да жауап іздеу. Комиссия мүшелері қазір шетел заңгерлерімен де келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!