Ошақтыда қазандық жарылып, бір адам көз жұмды — Түркістан облысы
Түркістан облысында мектептің жылу қазандығы жарылып, бір адам опат болды. Оқыс оқиға Сайрам ауданындағы Ошақты ауылындағы білім ошағында болған.
Автор: Бек Әбиев
15.02.2022
Жойқын жарылыс таңғы сағат 8-дер шамасында болған. Оқушылар мектепке келіп жатқанда жылу қазандығы гүрс ете қалыпты. Дүмпудің күшті болғаны соншалық, аспанға атылған темір пеш мектептің жанына барып құлаған. Соның салдарынан от жағатын ғимарат қирап қалды. Үйіндінің астында қалып қойған 58 жастағы от жағушының денесін оқиға орнына келген өрт сөндірушілер алып шықты. Марқұмның отбасы жоқ екен. Жарылыстан соң жылусыз қалған мектептің жұмысы тоқтап, оқушылар дереу үйіне қайтарылды. Қазір құзырлы органдар тексеруді бастап кетті. Әзірге жарылыстың неден болғаны белгісіз.
Мұқан Байымбетов, Сайрам аудандық ТЖБ бастығы:
- Қазандықта жылыту қазандығын қатты отынмен жаққан. Соның салдарынан деген болжам бар. Жарылыстың салдары мен материалдық шығыны анықталады. Сайрам аудандық ішкі істер полиция басқармасымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!