Негізсіз баюға тыйым салынатын заң жобасы мақұлданды
Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілістің есігі тарс жабылған. Оған елдегі эпидемиологиялық жағдай әсер еткен еді. Төменгі палатадағы небір қызықтарды журналистер сол күйінде көре алмады, тек онлайн бақылады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
16.02.2022
Мәжілістің жаңа төрағасы бүгін, бір жарым айдан кейін ғана БАҚ өкілдеріне отырысқа қатысуға рұқсат берді. Сәрсенбідегі үш сағаттық жиынның жартысы сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналды.
Шенеуніктердің әйелдері, балалары мен басқа да оған жақын адамдар енді қымбат көлік, зәулім үйлерін, рахат өмірін әлеуметтік желілерде көрсетпес бұрын, бүгінгісінен де тереңірек ойлануы керек. Өйткені мұндай әсем дүниелердің арты жақсылыққа апармайын деп тұр. Мәжіліс бүгін Қазақстанда негізсіз баюға тыйым салынатын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді антикор мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысының сәйкестігін бақыламақ.
Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Жасыратыны жоқ, жемқорлықтың арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріңізге мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сондықтан азаматтардың шығындары заңды табыстарынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет.
Ақжағалылардың табысы мен шығысының айырмашылығы үш миллион теңгеден аспауға тиіс. Асса, фискалдық санкция қаралады. Яғни айырмашылық сомасының 90 пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Бірақ шенеуніктердің де шығындарының заңдылығын түсіндіруге құқы бар. Түсіндіре алмайды екен, жазаға тартылады. Мемлекеттік қызметтен үш жылға дейін қуылуы мүмкін.
Гүлнар Бижанова, Мәжіліс депутаты:
- Бір шенеунік бар делік, жалақысы 250 мың теңге. Бірақ ол әжесінің атындағы зәулім коттеджде тұрады, мүгедек ағасының атындағы керемет Лексусқа мінеді. Оны тексереміз. Дәл осындай заңсыз келген барлық кірісті заңды негізде қудалауға, ашуға және жазалай аламыз. Және бұл кезең-кезеңімен декларацияға енгізілуі керек.
Жаппай декларацияны квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлер ғана емес, жеке компаниялардың құрылтайшылары, тіпті қарапайым қазақстандықтар алдағы төрт жылда тапсырады. Қазір ондай құжатты толтыру мемлекеттік қызметкерлерге ғана жүктелген. Сондықтан депутаттардың пікірінше, шенеуніктердің құдай қосқан жары байлықтарымен мақтануды доғаруы қажет.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
- Егер сен адал әке, күйеу болсаң, әйеліңе немесе жарыңа «жаным, біріншіден, сен менің жұмысыма кедергі келтіріп жатырсың, бұл мәдениетсіздік» деп айту керек.
Отырыста мәжілісмендер шетелге кеткен ақшаны елге әкелу жағын сұрады. 25 жылдың ішінде елден 160 миллиард доллар шекара асыпты. Ахметжанов сырттағы активтерді қайтару тетіктерін біледі екен.
Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
- Біздің 68 мемлекетпен екі жақты келісіміміз бар. Олардың талабы — Қазақстан сыртқа шыққан қаражатты заңсыз екенін дәлелдеп беруі керек. Қаржылық тергеудің нақты шектелген уақыты жоқ. Ақша қайтарылғанша тергеу жүргізіледі. Былтыр Қорғас ісі бойынша швейцариялық банк активтерді қайтарғаны есімде.
Сыбайлас жемқорлыққа әкелетін тағы бір фактор — басшылық қызметте жақын туыстардың отыруы. Заңда мұндайға тыйым салынбаған. Агенттік төрағасы да бір-біріне туысқан болып келетіндердің бір жерде жұмыс істеуіне қарсы емес. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек» - дейді Марат Ахметжанов. Алайда шенеуніктің жауабы Мәжіліс төрағасына ұнамай қалды.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
- Бұл жерде қазаны бір адамдар жайында айтып тұр ғой. Екі ағайынды адам бір мемлекеттік органда екі құрылымдық органды басқарып отырса, дұрыс емес қой. Ол заңда көрсетілмеген. Бұл туралы ұсыныс беру керек.
«Жаңа Қазақстандағы» шенеуніктерге арналған ережелерді депутаттарға Марат Ахметжанов барынша түсіндіргенімен, кулуардағы журналистерге аса назар аудармады. Ақжағалы әріптестері секілді ескі әдетке салып қаша жөнелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!