Шымкентте газ баллоны жарылып, бір отбасы далада қалды
Шымкентте газ баллоны жарылып, бір отбасы далада қалды. Жарылыстан алты жасар бала мен анасы жарақат алды. Оқиға Шымкент шетіндегі Қайнарбұлақ саяжайында болған.
Автор: Бек Әбиев
16.02.2022
Петр Сучков, көршісі:
- Бірден гүрс етті де, терезелерден өрт шықты. Біз абдырап, көршімізге көмектесе де алмадық. Бәрі бірден жанып кетті.
Жарылыстан екі бөлмелі үйдің сау тамтығы қалмады. Қабырғалары қирап, шаңырағы ортасына түсті. Оқыс оқиға болған кезде баспананың ішінде үш адам болған екен. Қызыл жалын ішінде қалып қойған алты жасар балақайдың денесі 15 пайызы күйіп, ол ауруханаға жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ал жеңіл жарақат алған 29 жастағы анасы емделуден бас тартыпты. Құжаттары түгел жанып кеткен отбасы уақытша паналайтын баспана іздеп кетті. Тұрғын үйдегі жарылысқа нақты не себеп болғаны тексеріліп жатыр.
Қуаныш Арсланов, Шымкент қаласы ТЖД өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің бастығы:
- Жалпы көлемі 56 шаршы метрлік тұрғкын үйде үй заттары мен құжаттары жанды. Газ баллонының шлангісінің ақауынан жинақталған газ ауада жарылған. Тұрғын үйдің 28 шаршы метр қабырғасы қирады. Үй ішінен 50 литрлік төрт газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!