Спортқа жауапты шенеуніктер мен бапкерлер қызметтен шығарылуы мүмкін
Бейжің Олимпиадасынан кейін қысқы спортқа жауапты шенеуніктер мен бапкерлер қызметінен кетуі мүмкін. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев төртжылдықтың басты додасындағы сәтсіздіктен соң міндетті түрде ауыс-түйіс болатынын айтты.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.02.2022
Жыл сайын қыруар қаржы бөлінетін қысқы спортқа қатысты маңызды шешімдер жаһандық жарыстан кейін өтетін көшпелі кеңесте қабылданбақ.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Қысқы Олимпиада аяқталғаннан кейін біз бірден Бурабайда үлкен көшпелі кеңес өткіземіз. Сол жерде нақты қорытындылар жасалады. Қысқы Олимпиаданың нәтижесі бойынша белгілі бір кадрлық шешімдер де болады деп ойлаймын.
Ақ Олимпиаданың аяқталуына санаулы күн қалды. Ал Қазақстан құрамасының қанжығасы әлі майланбады. Бүгін жарыс жолына тау шаңғысынан слалом сайысында Захар Кучин сынға түсіп жүлделі орынға іліккен жоқ.
Әйелдер арасында шаңғыдан командалық спринтте бақ сынаған Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина оныншы орынға тұрақтады.
Шорт-тректен 1500 метр қашықтыққа конькимен сырғанаған Ольга Тихонованың да жолы болмады.
Дүбірлі додада ел намысын 34 спортшы қорғап жатыр. Қытайда жалауын желбіреткен қысқы Олимпиада ойындарына спортшылардан бөлек, делегация мүшелері де аттанған еді. Бейжің олимпиадасына бару үшін бюджеттен 228 миллион теңге бөлінген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!