{metadescription}
Диана Мырзағалиева — қиындықты жеңіп шыққан қайсар қыз
Диана Мырзағалиева — қиындықты жеңіп шыққан қайсар қыз

Диана Мырзағалиева — қиындықты жеңіп шыққан қайсар қыз

Елордалық оқушы өз өмірін өзгертіп, ғаламшарды да құтқарғысы келеді. Диана Мырзағалиева туа бітті сал ауруының жеңіл түрімен ауырған. Бұл ядролық сынақ салдары болуы мүмкін. Жас қыз қайсарлығының арқасында бар қиындықты жеңіп шықты.

Қазір ол экобелсенді, қоғамдық шаралардың мүшесі, мектеп мақтанышы. Табиғатты қорғауда алдына жан салмайды. Диана белсенділігін «Балалар жылында» да жалғастыруға ниетті. 2022 жыл мемлекет басшысының бастамасымен балаларға арналған. Демек Диана биыл өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдай жасалатынына сенімді.

9-сынып оқушысы Диана Мырзағалиеваны кішкентай экология сақшысы деп атауға болады. Ол бала кезінен табиғат тазалығына, қоршаған ортаның ластанбауына бейжай қарамайды. Мектебіндегі барлық сыныпқа қоқыс сұрыптайтын арнайы жәшіктер қойып қойған. Сөйтіп оқушыларды жақсы әдетке үйретпек.

Диана Мырзағалиева, мектеп оқушысы:

- Қоршаған орта тазалығы мен үшін аса маңызды. Жеті жасыма дейін тілім дұрыс шықпай ауырдым. Дәрігерлер мұны ядролық сынақтың кесірі деп айтты. Жолым болып толық айықтым. Осыдан кейін дімкәс балаларға көмектесіп, қоршаған орта тазалығы үшін күресемін деп өзіме уәде бердім.

Жеті жасына дейін арбада отырған Диана жігері мен қайсарлығының арқасында қазір қатарластарымен бір партада отырады. Табиғатты қорғауды, аялауды өзінің басты міндетінің бірі деп біледі. Экология тақырыбына қалам тербеп қоршаған ортаны ластамауды үнемі насихаттап жүр. Соның арқасында Франция, Германия сияқты елдер экобелсенділігі үшін арнайы марапаттаған. Өзіне ұнайтын тақырыпты «Елбасы медалі» жобасында да абыроймен алып шықты.

Мәдина Сұлтанова, "Елбасы академиясы" корпоратив қорының PR маманы:  

- Біз жеті бағытта  жұмыс істейміз. Соның ішінде жастар ерікті болуға қатты қызығады. Диана сияқты көбі волонтёр болуды жақсы көреді.  Қатысушылар қоршаған ортаға, табиғатқа, жануарларды қорғауға, адамдарға көмектеседі. Диана да біздің жобаға сайт арқылы тіркеліп қатысты. Нәтижесінде экологияға қатысты жобасын қорғап медаль иеленді.

Жоба осыған дейін алты мыңнан астам баланың ойын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жыл сайын 14-29 жас арасындағы он мыңнан астам адам қатысуға ниет білдіреді. Олар спорт, өнер, ұлттық мұра, еңбек тәжірибесінен өту сияқты бағытта өзін дамытады. Жеңімпаз мектеп бітірушілерге мемлекеттік гранттар тағайындалады. Сондай 605 түлек былтыр жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде