Қаңтар оқиғасы: Бүйрегі жарамай қалған жігіт бүге-шүгесіне дейін айтып берді
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде полицейлердің үшеуі қаза болып, 200-ге жуығы жарақат алыпты. Оның ішінде соққының астында қалып, екі бүйрегі жарамай қалған Ғазиз Нұрғалымов та бар. Ол бұзақылардың сойқанынан басы жарылып, аяқ-қолы сынған тәртіп сақшыларының қайда тығылып, қалай аман қалғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берді.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
18.02.2022
Әкімдікті басып алған күні Ғазиз Нұрғалымов полицейлермен бірге бүлікшілерге тосқауыл болған. Алайда ашулы топтың қыспағына тойтарыс бере алмағасын тіз қатар тізіліп тұрған әскерилердің шебі бұзылып, ақыры тәртіп сақшылар жан-жаққа қашыпты. Міне, сол кезде күтпеген жерден ол басынан соққы алып, есінен танған. Тепкінің салдарынан екі бүйрегі істемей қалып, комадан қазір ғана оянды.
Ғазиз Нұрғалымов, Әуезов ауданының учаскелік полиция қызметкері:
- Арматурамен монымнан соғып, есімнен танып қалдым. Жарты сағат, қырық минуттан кейін ішінен бір үлкен кісі алып шықты. Шығарып, шешіндіріп «үй-үйдің араларымен қаш, артыңа қарама» деді. Үйдің араларымен қашып бір жерге жетіп, балалармен қосылып басқармаға келдік. Басқармада болдым.
Шабуылдан аман қалған тәртіп сақшылардың басым көпшілігі Әуезов ауданының ішкі істер бөлімі ғимаратына барыпты. Айтуынша, аяқ-қолы сынғандар мен басы жарылғандар да бір аптадан астам уақыт сол жерде емделмей шыдап жатқан. Тек ауырсынуды басатын дәрілермен ғана шектеліпті. Өйткені жедел жәрдемді бұзақылар ғимарат маңына жолатпаған.
- Қол-аяғы сынып басы жарылғандар, олар да болды ма, сол басқармада?
- Бәрі болды.
- Бір апта шыдады ғой?
- Бәрі шыдады. Ауыртпайтын дәрі ішіп, сол жерде болды бәрі.
Жаралы полицейлер бейберекетсіздік біткеннен кейін ғана дәрігердің көмегіне жүгініпті. Басым көпшілігі қазір оңалып кетсе, Ғазиз Нұрғалымовтың жағдайы әлі ауыр. Емдеу шаралары нәтижесін бермеген жағдайда дәрігерлер оның еқос бүйрегін алмастыруы мүмкін.
Манас Рамазанов, № 7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері:
- Бұл науқас бізге сәл кешігіп келді. Алғашында жоғары қан қысымы болып, мұрнынан қан тоқтамай аққан. Және бүйрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі анықталды. Ол бүйрек алмастыру терапиясына қосылды. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы орташа. Бірақ әлі ем дом шараларынан өтетін болады. Егер де емдеуден оңалып кетпесе, бүйрегін алмастыруымыз мүмкін. Мұндай науқастарға емделу тегін жүреді.
Алматыда болған бүлік кезінде 200-ге жуық полицей зардап шеккен. Көбіне басы жарылып аяқ-қолы сыныпты. Ал, тәртіп сақшының үшеуі қызметін атқару кезінде жан тапсырған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Қаза болған үш қызметкердің екеуі Алмалы ауданы полиция басқармасына қарасты полиция бөлімшесіне шабуылға тойтарыс беру кезінде қаза болды. Ал тағы бір қызметкеріміз Көктөбе нысанын арашалап қалу кезінде қаза болған. Негізі полиция қызметкерлерінің арасында қазір ауруханада тек біреуі ғана қалып отыр. Нұрғалымов Ғазиз.
Қазір жаралы тәртіп сақшылардың барлығы әлі емделіп жатыр. Ал оңбай соққының астында қалған 10 полицейдің дене жарақаты тым ауыр болған соң, қызметіне қайта оралмауы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!