{metadescription}
«Атамекен» съезінде не айтылды, қандай шешім қабылданды?
«Атамекен» съезінде не айтылды, қандай шешім қабылданды?

«Атамекен» съезінде не айтылды, қандай шешім қабылданды?

«Атамекенде» бүгін ауыс-түйіс. Ұлттық кәсіпкерлер палатасын сегіз жыл басқарған Абылай Мырзахметовтың орнына белгілі бизнесмен Райымбек Баталов төраға болды.  Орта және шағын кәсіп иелері міндетті жарнадан босатылды.

Бұл онсыз да табысы ортайған кәсіпкерлердің қалтасына салмақ салатын қомақты сома. Ұлттық палатаның елордада өткен кезектен тыс сьезі әдеттегідей бір сарындағы отырыстардан өзгеше болды. Не айтылды? Қандай шешімдер қабылданды?

Отандық кәсіпкерлердің басын қосқан «Атамекен» өз тарихында мұндай ашық, қызу пікірталасқа құрылған сьезді өткермеген болар. Бүгін астанада кезектен тыс бас қосқан кәсіп иелері құрылтайдың ашылуына ғана қарсы болған жоқ. Қалған барлық сұраққа келгенде, өңірлерден келген делегаттар аса белсенді. Олар жаңа төрағаның сайлануына, президиумге мүшелікке өтуге келгенде үнсіз қалмады. Дауыс беруден бас тартқандар да жетерлік. Жұмысына әлі технология келе қоймаған атамекендіктер дауыс берушілерді көзбен санап, параққа жазып отырды.

Делегаттар керек жерінде талаптарын айтып, әр комитетке сайланатын төрағаларды өздері сайлауға дайын екенін жеткізді. Әдеттегідей басқарма мүшесі жаңа өкілдерді таныстырғаны сол еді, дау-дамай басталды да кетті. Олар аймақтардағы бюрократияға арызданды. Тіпті кей төрағаларды танымайтынын да жасырған жоқ. Кәсіп жүргізуге икемі жоқ, даладан келген комитет төрағаларынан бәрі зәрезап болған сыңайлы.

Нұржан Мамытов, кәсіпкер:

- Біз ойладық, президиум төрағасын сайлаймыз және де оған кіретін мүшелерін сайлаймыз деп. Бізге бір минут, екі минуттың ішінде ешқандай шешім, 17 адамның шешімін қабылдау деген ол мүлдем мүмкін емес. Біз тек қана фамилиясын жазып үлгере алмадық, керек болса. Ол кісі біздің кәсіпкерлікті дамытуға қаншалықты лайық адам екенін білмейміз.

Бақыт Атайбеков, кәсіпкер:

- Жігіттер, қиын ғой бұл. Сонда оның есебі қайда? Палатаның жартыға жуық адамы отырмыз. АПК-ның несі өткен жоқ, Абылай ...,қабылдаған жоқ, ешкімді шақырған да жоқ. Мәселе мен болғанда емес, болатын жігіттер көп. Неғып бармайды ол? Жаны ашыса, жеті жылда қай ауданды аралады? Қай облысты аралады? Қай жерге барды ол кісі? Не жасады сондай? Қандай артықшылығы бар ол кісінің, оны қоя беретіндей?

Абылай Мырзахметов:

- Нәғып өздеріңіз сайлап алмайсыздар?

- Шақырмаса қайда барамыз?

Осы уақытқа дейін болған олқылықтардың бәріне «Атамекеннің» экс-басшылығы заңды кінәлады. Қате де, дұрыс та емес заңды қайта қарайық деумен құтылды. Ал жаңашылдыққа бет бұрған жаңа төраға Райымбек Баталов бәрін түзейміз деп сендірді.

Райымбек Баталов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы nөралқасының төрағасы:

- Иә, осыған дейін болған көп нәрсені ауыстыру керек. Жаңа реформалар қажет. Бірақ мен екі-үш айда бұл бәрін түзетенімізге сенемін. Жаңа призедиум сайлап алдық. Бұл кәсіпкерлерді қолдайтын жаңа палата, жаңа заңдар, басқа қарым-қатынас, жұмыс жүргізудің басқа жүйесі болады. Сондықтан бәріміз жұмыста белсенділік танытайық.

Сан салалы бизнестің сан қырлы проблемасы көп. Соның бірі жарна мәселесі. Съезде шағын және орта бизнесті міндетті жарнадан босату туралы шешім қабылданды. Олай болмаса, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бір миллиардтан астам теңгеге шығынға ұшырауы мүмкін. Ал Үкімет бизнестің өмірін жеңілдетеміз деп тағы уәде берді.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Бүгінгі таңда бизнестің дамуына реттеуші жүйе және шамадан тыс әкімшілік жүктеме кедергі болып отыр. Бизнеске түсетін жүктемені азайту үшін жақында кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заң қабылданды. Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, қоғамдық тамақтану, тұру және тамақтану сияқты салалар бойынша реттеуші актілер мен бизнеске қойылатын талаптарды талдау бойынша жұмысты бастады. 424 нормативтік акт қаралды, онда 17,5 мыңға жуық талап бар екен. Оның 40 пайызыдан  астамы артық, керек емес.

Ұлттық палата мен бизнесмендер әлеуметтік осал топ өкілдеріне көмектесуге келгенде аянған емес. Бірақ азық-түліктің бағасын әкімшілік жолмен қинап ұстаудан шаршағанын жасырмады. «Бағаны реттейміз» деген ұран үшін арзан беру, қымбатшылық проблемасын шешпейді деп мұңын шақты. Бұлай жалғаса берсе, кәсіпкерлер тауар-өнім өндіруден бас тартуы ықтимал. Бизнес қауымдастық бөлшек саудадағы бағаны әкімшілік емес, нарық реттесін деп талап етіп отыр. 

Министрлер кабинетінің басшысы бизнес қауымдастықпен ымыра бірлікте жұмыс істеп, кәсіптерін дамытуға қолдау білдіретінін жеткізді. Жаңа реформаларға сәйкес, "Самұрық-Қазына" қазақстандық кәсіпкерлерден 400 миллиард теңгеге тауар мен қызмет сатып алатынын айтып қуантты. Оның қаншалықты жүзеге асатынын алдағы уақыт көрсетеді.

Қаңтар оқиғасынан зардап шеккендерді де мемлекет өз панасына алатынын тағы бір еске салды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде