Сарыағашта 10 шақты ауыл жылыжай түтініне тұншығып отыр
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында он шақты ауыл жылыжайлардан шыққан түтінге тұншығып отыр. Себебі, баспаналар салынуы тиіс учаскелерге жылыжайлар орналасып, көрші үйлердің тынысын тарылтып отыр. Ал егін егетіндер өнімдері үсімесін деп, алты ай бойы тәулігіне кем дегенде 14 сағат көмір жағады екен.
Автор: Бек Әбиев
21.02.2022
Енді көкөніс өсірушілер мен тынысымыз тарылды деген тұрғындар жиі жанжалдасатын болған.
Өзбекстанмен шекаралас Жібек жолы ауылында бос жатқан жер жоқ. Жайылым түгілі, баспаналар түсуі тиіс аумақтың бәріне жылыжайлар түскен. Ал қазаннан бастап сәуір айының ортасына дейін түні бойы от жағылып, тұрғындар түтінге тұншығып, «үйден шығудан қалдық» деп отыр.
Сағадат Мұсабекова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Есіктің алдында тұншығып өлесің, не бір айнаны аша алмайсың. Айтқанымен, еститін құлақ жоқ. Учаскеге берілген, үй всалатын жерге жылыжай тұрғызды. Биліктен ешкім еш нәрсе демейді. Әкімдер үнсіз. Қанша рет әкімдерге айттым.
Соңғы бірер жылда жылыжайлар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптапты. Ауқымы ұлғайған соң шығатын түтін де көбейіп, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында жиі жанжал болады. Тұрғындар көмір жағатын кәсіпкерлерге сүзгі орнатуды талап еткенімен, пайдакүнем кәсіпкерлердің қоршаған ортамен шаруасы жоқ деп налиды.
Сәуле Бабамұратова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Қазан айынан мамырға дейін жағады. Алты ай бойы толған қара түтін. Құбырлар нормативке мүлдем сай емес. Нормативке сайы негізінен мына төменде орналасқан ғой, 15 метрлік құбыр болуы керек. Сосын зиянды қалдық ауаға шықпас үшін фильтрация жасауы керек.
Тұрғындардың арызымен құрылған комиссия түтін шығатын мұржаларды 15 метрден кем болмасын десе де, мұндағы ең ұзын деген мұржа алты метрден аспайды екен.
Жылыжайға көрші тұрған үйлердің біріне бас сұқтық. Мәселен, кеше кешкісін ғана жиналған су тұтынуға келмейді, күлге толы. Ал үйлердің сыртын күйе басқан.
Жылыжай иелері түтіннің зиян екенін «жақсы білеміз» дейді. Бірақ сүзгісі бар қондырғы сатып алу үшін мемлекет жәрдем берсін деп отыр. Аудандық шенеуніктерден де көмек сұрапты.
Нұржан Ділішов, жылыжай иесі:
- Сол мүмкіндікті көрсетсін. Мысалы, кәсіпкерлік бөлімі бар, ауыл шаруашылығы бөлімі бар. Міне, бір-екі қондырғылармен айналысатын фирмаларды бізге әкеп таныстырсын. Мынадай қондырғымыз бар, алыңыздар, мынадай жеңілдетілген бағамен немесе сіздерге үкімет тарапынан мынадай көмек болады десін.
Шенеуніктер Сарыағашта түтіндетуді азайтыңдар деп ескертуден арыға аса алатын құзырлы орган жоқ деп ашық айтады.
Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жоқ, бізге жазбаша шағым түскен жоқ. Тек ауызша. Енді ол қаншалықты зиян келтіретінін, зияны бар-жоғы туралы мен маманы болмаған соң, ол туралы айта алмаймын. Шешімі: шаруалар жұмыстарына түсіндіру жүргізсін.
Егер жазбаша арыз түссе ғана экологтарды шақыртып ауа сынамасын аламыз деп отыр. Бірақ екі жыл бұрын экология департаментінен келген мамандар жылыжаймен айналысатындарға жаппай айыппұл салған екен. Іс осымен жабылған. Бірақ кәсіпкерлер тек айыппұлмен ғана құтылады дегенге наразы тұрғындар енді жаппай қол жинап, жылыжай иелерін сотқа тартпақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!