Байден мен Путин Украинаның шығысындағы ахуалды талқылайды
АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Украина тақырыбын талқылауға әзір. Саммит осы аптаның ортасында өтуі мүмкін. Келісім үстеліне тезірек отырмаса, дәл қазір Украинаның шығысындағы ахуал күн санап ушығып барады.
Автор: Мақсат Мәлік
21.02.2022
Тіпті қазір аймақта оқ атылып, адам шығыны бар деген ақпарат таратылуда. Ресми Киев пен Луганск және Донецкдегі сепаратистер соңғы жағдайларға байланысты бір-бірін айыптап жатыр.
Әлем назары ауған Украинаның шығысындағы күрделі ахуалдың ақыры немен тынары белгісіз. Жағдайдың қатты ушыққанынан сепаратистердің бақылауындағы Луганск мен Донецкде жаппай мобилизация жарияланғаны баршамызға мәлім. Содан бері халықтың бір бөлігі Ресейдің шекаралық аймағына боса бастады. Ростов облысына жеткен халықтың көңіл-күйі әрі-сәрі.
- Берген уәделері ешқашан шындықпен сәйкеспейді. Бізді балалармен бірге жайлы жерге орналастырады деп ойлағанбыз. Ұзақ жүріп келдік. Алып кетуге келген автобус саны да аз болды. Мәдениет үйіне әкеліп жайғастырды. Адам өте көп. Балалармен бірге сахнада түнеуге мәжбүр болдық.
Ал кешелі бері Украина билігі мен сепаратистер атыс бастады деп бір-бірін айыптауға көшті. Ресми Киевтің айтуынша, елдің шығысындағы бүлікшілер бірнеше мәрте оқ жаудырған. Керісінше, қарсы тарап украин әскерилері Минск келісімін бұзды деп отыр. Тіпті адам шығыны бар деген ақпарат тарады.
Кремль тарапы Донбастағы жағдайдың ушуығуына украин қарулы күштері кінәлі деп есептейді. Ал Ресейді айыптаған батыс елдерінде түрлі наразалық шарасы өтіп жатыр.
- Біз Украинаның демократиялы, бейбіт мемлекет болғанын қалаймыз. Бейбіт өмір Украинда ғана емес, бүкіл Еуропада орнағанын қалаймыз.
Ал кеше Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына қатысты ақпарат қылаң берген болатын. Бас хатшының сөзінше, Киев келісім берсе, бітімгерлік күштер Донбассқа кіруге әзір. Ал атылған оқтан бөлек, ақпарттық соғыс өршіген шақта мұндай ұсыныстың өз-өзін қаншалықты ақтайтыны әзірге жұмбақ. Десе де соғыс өрті тұтануға шақ қалған тұста Ақ үй басшысы Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин жақын күндері саммит өткізуге уағдаласты. Онда Украинаның шығысындағы ахуал талқыланбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!