Теміртау: Перзентхана дәлізінде туған сәби тас еденге құлап тіл тартпай кетті
Теміртаудағы перзантханада жаңа туған шақалақ шетінеп кетті. Толғағы келген келіншекті дәрігерлер туу бөлмесіне апаруға асықапаған. Соның салдарынан дәлізде босанған ананың баласы тас еденге құлап тіл тартпай кеткен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
21.02.2022
Айжан Шахманова Теміртау қаласының тұрғыны:
- Балам жерге басымен құлап, екпетінен сұлап жатты да қалды, дыбыс шығармады. Қасымда тұрған 6-7 дәрігер жанталасып көтеріп жатқанын білемін. Баланың кіндігі кесілген жоқ, ал менен жұлынып түсті. Ағыл-тегіл қан аққанын білем, одан кейін маған дәрі салып ұйықтатып тастады.
33 жастағы Айжан Шахманова перзенханаға босанатын күні келген. Оқиға сол түнде болыпты. Келіншек толғақ қысып жатқанын қанша айтса да, дәрігерлер оны босану бөлмесіне апармай жүріп алған. Тіпті сай-сүйегі сырқырып, жанын қоярға жер тапағанда ғана туатын бөлмеге жетектеп ала жөнеліпті. Жолдағы сұмдықтан кейін, наркозбен ұйықтатып тастаған. Тек ертесі есін жиғанда полиция шақырыпты. Нәрестенің түнде өлгенін перзентханадағылар тәртіп сақшыларына хабарламаған. Қазір денсаулық сақтау басқармасынан арнайы комиссия Теміртау перзенханасында тексеріс жүргізіп жатыр. Полиция да тергеуді бастаған.
Гүлжан Жиембаева Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Теміртау қаласындағы Ана мен бала орталығындағы бала өліміне қатысты жоспардан тыс тексеріс басталды. Оған медициналық қызмет сапасын бақылау департаментінің мамандары жұмылдырылды. Сол күнгі оқиғаға қатысы барлардың әрекеті жіті тексеріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!