Утильалым: Жұрт 50 пайыз меженің қыр-сырын түсінбей әлек
Утилизация алымын 50 пайызға дейін төмендеткен Үкімет тағы сынға қалды. Қоғам белсенділерінің айтуынша, жауапты министрлік ешбір сараптама мен зерттеуге сүйенбей, асығыс шешім шығара салған.
Автор: Мақсат Мәлік
24.02.2022
Шенеуніктер халықтың мұң-мұқтажын базардағы саудаға айналдырды деген топ утилизация алымын 100 мың теңгеден асырмауды сұрап отыр. Қателіктің кеткенін министрліктегілер де мойындайды. Бірақ бүгін мәселені жан-жақты түсіндіруге тырысқан шенеуніктер қоғам белсенділерінің уәжімен келіскен жоқ.
Үкіметтің утилизация алымының көлемін 50 пайызға төмендетуін сынаған қоғам белсенділерінің айтар назы көп. Олардың сөзінше, жауапты министрлік мұндай маңызды шешімді сараптамасыз және тиісті зерттеусіз қабылдай салған.
«Кәдеге жарату алымы тек экологиялық мақсатқа бағытталса» дегендер сол себепті жеті талап қойып отыр. Жеңіл көліктерге тариф 100 мың теңгеден аспауы, ал ауыл шараушылығы техникаларына утильалым мүлдем төленбеуі керек дейді олар.
Нұраддин Садықов, қоғам белсендісі:
- Неге 50 пайыз? Бұл санды қайдан алдыңыздар? Аспаннан алдыңыздар ма? Әлде бір нақты есебі болды ма? Бұл сұрағыма кеше вице-министр Қарабаев жауап бере алмады. Бұл өте күмәнді, былай айтқанда, халыққа осы жетеді деген сияқты «өзім білдім», «өзім піштім» деп жасалған дүние деп білеміз.
Утилизация алымына қарсы қоғамдық қозғалыс кезіндегі «Оператор РОП» қомпаниясына тексеру жүргізу қажет деп есептейді.
Ал арзан көлік іздеген қараша әзірге 50 пайыздық меженің қыр-сырын түсінбей әлек. Алайда отандық өндірушілер елімізде шығатын темір тұлпарлардың бағасы түспейтінін кесіп айтты. Тек имппорттық көліктер әрі кетсе 4 пайызға арзандауы мүмкін.
Бекнұр Несіпбаев, Astana Motors компаниясының бас директоры:
- Қазақстанда Хюндай автокөліктерін шығарады. Бағасы арзандамайды. Және де біз импорттан осында BMB, Subaru, Haval, Chery көліктерін алып келеміз. Оның бәрін 50 пайыз түсіреді деді ғой, төлемақыны. Өзіміздің автослондарда сол жұмысқа түскен күні, сол күннен бастап бағасын түсіреміз.
Ал утильалымның жаңа талабын тәпсірлеген жауапты министрлік мән-жайды халыққа жеткізуде қателік кеткенін мойындайды. Бірақ мәселенің ушығуына қоғам белсенділерін кінәлап отыр.
Шенеуніктер отандық көлік өндірушілер субсидия алып келді деген ақпаратты жоққа шығарады. Сонымен қоса жергілікті көлік, трактор мен комбайн сатып алғандар осыған дейін кәдеге жарату алымын төлемеген. Тіпті ведомство өкілдері 4 пайыздық несиеге қатысты сан сауалға да нүкте қоюға тырысты.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
- Таңертең көрдік, ойбай, ол кредит тек белгілі бір модельдерге беріледі екен, олардың сомасы 10 миллионнан аспайды деп. Ол машинаның құнына байланысты емес. Ол берілетін кредитке байланысты. Яғни 10 миллион теңгеге дейін кредит беріледі. Егер машинаның құны соның ішінде болса, емін-еркін ала аласыз. Егер алып жатқан машинаңыздың құны одан қымбат болса, үстінен қымбат болып тұрған 1-2 миллионды өз қалтаңыздан төлейсіз.
Қысқасы, министрліктегілер кәдеге жарату алымы 50 пайыздан артық түспейді дейді. Егер белгіленген меже одан төмендесе, отандық өндірушілер шаш етектен шығынға батады екен. Демек Үкіметтің соңғы байламы өзгермейді.
Бір қызығы, әр сөзінде отандық өндірушілерді алға тартқан шенеуніктер шу көтергендерді шетелдік көліктердің сойылын соққандар деп есептейді. Алайда үш жылға созылған мәселенің әлі талай тақырыпқа тұздық болатын түрі бар. Өйткені талап қойған қоғам белсенділері 50 пайызбен келіспейтінін ашық айтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!