Соғыс салқыны тиген экономикамыздың ахуалы – теңге бағамы
Мұнай бағасының қымбаттауы да теңге бағамын ұстап тұруға қауқарсыз. Тұрақсыз валютамыз Украина мен Ресей арасындағы соғыстың салдарынан бір тәулікте 30 теңгеге құнсызданып кетті.
Автор: Елдос Есенбол
24.02.2022
Тіпті Қазақстан қор биржасы сауда-саттық өткізу уақытын бірнеше рет кейінге шегеріп, ақыры бағам 472 теңгеге жеткенде Ұлттық банктің араласуынан кейін АҚШ ақшасының құны бекітілді. Валюта нарығындағы жағдайды көрген жұрт ақшасын айырбастауға асыққанымен, кенет "теңге жоқ" деген сылтауға тап болған. Соғыс салқыны тиген экономикамыздың ахуалы қандай? .
Таңнан бері азын-аулақ ақшасы бар жұрттың көзі айырбастау орындарының тақтайшаларында. Көкқағаздың құны тағы қымбаттады дегенді естіп, бұл жердің есігін күзеткендер де бар. Доллар бағасы 472 теңгеге бір-ақ шықты. Валюта айырбастауды кәсіп қылғандар: «Даурықпаңыздар, шұғыл операциялар болса ғана ауыстырыңыздар» деп, халықты сабырға шақыруда. Азаматтардың бірі тезірек ақшасын алмастырып үлгеруге асықса, енді бірі әліптің артын бақпақшы. Бірақ барлығы да бір нәрсеге алаңдаулы – ел ішін тағы қымбатшылық жайлайды ма?
Сауалнама:
- Дүниежүзілік айналым ол доллармен жүреді. Сондықтан біз доллармен сатып алғаннан кейін, ол әлбетте көтеріледі. Патриот ретінде мен долларды алмай отырмын. Себебі, мен өзімнен бастасам, доллардың құны арта бастайды. Мен көп алған сайын долларға сұраныс болады да, доллар да көтеріледі.
- Ауыстырған жоқпын. Әрине, ауыстыру ойда бар Құрылыс жағы ғой бізде. Бәрі қымбаттап бара жатыр. Материал қымбат.
- Жыл сайын баға көтеріле береді. Доллар көтеріледі. Әрине, азықтүлік бағасы да көтеріледі. Бізге зияны келеді.
- Менде доллар ұстайтын ақша жоқ.
Әдетте теңге мұнай бағасына тәуелді дейтін Үкімет әзірге үнсіз. Сегіз жылдан кейін баррелі 108 доллардан алғаш рет асқан қара алтын теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады. Қор биржасы техникалық ақауға байланысты деген сылтаумен сауда-саттық өткізетін уақытты бірнеше рет кейін шегеруіне тура келді. Ақыры Ұлттық банк араласып интервенция жасалғаннан кейін, күндіз 472 -ге жеткен АҚШ ақшасының орташа бағамы 466 теңге төңірегінде тұрақтады. Ал америкалық валюта бойынша сауда көлемі 211 миллион 457 мың долларды құрады.
Наталья Хорошевская, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Сауданың қалай дамитыны белгісіз. Жағдайдың бүгін түнде немесе ертең, болмаса арғы күні қалай боларын айту өте қиын. Біздің ойымызша қазіргі таңда курсқа тікелей әсер ететін сыртқы факторлар. Өкінішке қарай Украинадағы геосаяси жағдай. Ал ішкі нарықта бұл бағамға әсер ететін жағдай жоқ.
Экономистер қор биржасындағылармен келіспейді. Иә, украин ағайынның басындағы жағдай доллар бағасына әсер еткені рас, бірақ бұл жалғыз фактор емес дейді. 30 жылда тұрақтанбаған экономиканы, аяғынан тік тұра алмаған инфрақұрылымды ескеру керек дейді. Әу баста 3 теңге 7 тиыннан басталған Америка ақшасының 400 теңгеден асып жығылғаны бұған жарқын дәлел.
Бекнұр Қисықов, экономист:
- Біздің экономикамызда тұрақтылық жоқ. Экспортымыз газ бен мұнай. Негізі экономикада жалпы ішкі өнім (ЖІӨ - ред.) деген бар. Соның ішінде инфрақұрылым, кіші кәсіпкер, жұмыс жағынан, қаржы жағынан экономикамыз тұрақты емес.
Сарапшылар жыл аяғына дейін доллар бағамы 500-ге жетуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Ал ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыруға жанталасып-ақ жатыр. Біресе 104 миллион долларға интервенция жүргізсе, енді тағы теңгелік депозиті бар қазақстандықтарға сыйақы төлемек. Бағдарлама бүгіннен бастап күшіне енеді. Бірақ экономистер инфляция мен доллар бағасын ескерсек, бұл бастамадан пайда түсуі екіталай дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!