Қазақстандық жүк көліктер Украинадан шыға алмай тұр
Қазақстандық жүк көлігінің жүргізушілері Украина елінен шыға алмай тұр. 50-ден аса адам үкіметтен «жасыл дәліз» арқылы қауіпсіз аймаққа жол ашуды сұрайды. Өйткені көбісі қақтығыс болып жатқан Киев пен Харьков, Днепр қалаларының маңында қалған. Ас-суы да таусылуға жақын.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.02.2022
«Көлікті тастап бас сауғалап кетуге де мүмкіндік жоқ», - дейді жүргізушілер. Украинада қалып қойған жүргізушілер зат тасуға осыдан бірер апта бұрын аттанған. «Жолға шығарда мұндай қақтығыс ортасында қаламыз деген ой түсімізге де кірмеді» - деп отыр. Қазір көліктерін сондағы тұрақтарға қойып, басының амандығын тілеуден басқа амалы жоқ. Ел өкіметі мәселеге араласпаса, атыс-шабыстың кесірінен тұрған жерлерінен тырп ете алмай отырғанын айтады.
- Біз, Қазақстан азаматтары, ҚР үкіметінен бізді Украина аумағынан алып шығуды қамтамасыз етуді сұраймыз. Бұл жерде екі автокөлігіміз бар. Харьков қаласынан 40 шақырым жердегі Киевке қарай бағытта тұрмыз.
-Украинаның Днепро қаласында автотұрақта тұрмыз. Қазақстандық 10 көлік бар. Не істерімізді білмейміз. Көмек сұраймыз.
Көліктердің көбісі Украинаға көкөніс жеткізіп, қайтарда кондитерлік өнімдер мен ауылшаруашылық техникаларын алып қайтпақ болыпты. Қазір 50 көліктің жартысында зат тиеулі тұр. Логистикалық компания басшылары жүк көлігінің жүргізушілерімен үнемі байланыста екенін айтады.
Берік Жиенқұлов, жүк тасымалдаушы компанияның директоры:
- Жан-жағында түгелдей соғыс болып жатыр. Не былай, не олай емес. Шығатын мүмкіндік жоқ. Киевтің маңайында және Дубно жақта. Дубно жағында әзірге соғыс жоқ. Бірақ ол жақта үлкен эвакуация болып жатыр. Польшаға шығып кетейік десек, визамыз жоқ.
Рустам Мартасов, жүк тасымалдаушы компанияның директоры:
- Біздің компанияның үш көлігі Днепрде, бір көлік Киевте. Ол бомбыдан қорғанатын орынның маңына қауіпсіздік үшін аялдаған. Біздің көліктер кондитерлік өнім тасымалдап келе жатқан еді. Өкімет «Жасыл дәліз» арқылы шығарып алса немесе қақтығыс болып жатқан тараптармен келісіп «тыныштық күні» жарияланса. Жүк көліктеріне сол кезде ол елден шығуға мүмкіндік туатын еді.
Соғыс басталған кезде кейбір жүргізушілер көлігін тастап, Ресей аумағына жетіп үлгерген. Кейін техникаларына қайта оралғанда машиналарының түгін қалдырмай үптеп кеткен.
- Мынау екінші машина. Бұл да от алмайды. Мұны да сүйреп шығардық. Машинада бәрін қопарып тастаған. Құжаттары жоқ. Жүктің құжаты жоқ. Брін бұзған, айдап кеткісі келген бе? Кілтін, бәрін сындырып кеткен.
Қазір кәсіпкерлер палатасы Украина жерінде қалған жүк көлігі жүргізушілерінің тізімін жасап жатыр. Оларды қайтаруға бірнеше министрліктен көмек сұраған.
Рахат Тәжібаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
- Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан уәкілетті министрліктерге, яғни сыртқы сауда министрлігі, инфрафқұрылымдық даму министрлігіне сауалнама хат жолданған. Шекаралас мемлекеттер Польша, Белоруссия сонымен қатар осы мемлекеттер арасында шекара арқылы өткізу, жасыл дәліз орналастыру.
Жүргізушілерге көлігін тастап, өздері бас сауғалауға да ұсыныс айтылған. Бірақ 50 көліктің жүргізушілері техниканы тастап кетуден бас тартыпты. Өздері шыққан күннің өзінде Украинаға көрші елдердің шекарасына жету қиын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!