Сарапшы: Енді ресейліктер бізден көлік сатып алатын болады
Ауди, Дженерал Моторс, Фольксфаген, Шкода, Ягуар Ленд Ровер концерндері Ресейге көлік тасымалдауды тоқтатты. Көрші елге енгізілген шектеулер Қазақстанның автонарығын жандандыра түседі дейді сарапшылар. Өйткені шетелдік көлік іздеген ресейліктер енді бізге қарай ағылуы мүмкін.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
28.02.2022
Алексей Алексеев, сарапшы:
- Мен көлікті дереу сатып алуға кеңес беремін. Өйткені нарықтағы ахуал дәл қазір тұрақты. Бірақ жағдай кез келген уақытта лезде өзгеріп, көлік бағасы да қымбаттап кетуі мүмкін. Қазір адамдар валюта және көрші мемлекеттермен не болатынын ойлап қорқып жүр. Ресейге енгізілген санкциялар бізге қатты әсер етпейді. Керісінше, ресейліктер енді бізден көлік сатып алатын болады. Міне сол кезде сұраныс көбейеді. Әрі ресейлік нарыққа біз тәуелді емеспіз. Біз көбіне көлікті Еуропа, Америка, Корея және Қытайдан аламыз.
Украинадағы жағдайға және рубль бағамының төмендеуіне байланысты қазір әлемдік автоөндірушілер Ресейге көлік жеткізуді уақытша доғарды. Жапония тіпті, жаңасы тұрмақ, мінілген темір тұлпарды жібермейтін болыпты. Ал Мәскеудегі Рено зауыты 13-наурызға дейін автомобиль өндірісін тоқтатқан. Осы ретте айта кетейік, ресейлік маркаларды өндіретін автозауыттар кейбір қосалқы бөлшектерді санкция жариялаған шет елдерден алдыртады. Сарапшылардың пікірінше көрші елдегі отандық автоөнеркәсіп тұралағалы тұр. Ал бізде әзірге баға тұрақты. Автосалондар валютаның құбылғанына қарамастан, құнын бір деңгейде ұстап тұрмақшы.
Сұлтан Сералиев, Алматыдағы Renault көлік салоны сату бөлімінің басшысы:
- Көліктер негізінде жартысы Қазақстанда жасалған, қалғаны Ресейден. Осы өзгерістер әсер етуі мүмкін. Бағалары өзгерілуі мүмкін. Бірақ қазіргі таңда бағаны ұстап тұрмыз. Көліктерді ескі бағамен сатып жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!