{metadescription}
Ресейден шетелді бетке алған рейстер Атырау, Маңғыстау арқылы өтуде
Ресейден шетелді бетке алған рейстер Атырау, Маңғыстау арқылы өтуде

Ресейден шетелді бетке алған рейстер Атырау, Маңғыстау арқылы өтуде

Еуроодақ пен Ресейдің бір-біріне әуе кеңістігін жабуының салдарынан Қазақстан арқылы ұшатын ұшақ саны екі есеге арттырылды. Әсіресе еліміздің батыс өңірінде. Ресейден алыс-жақын шетелді бетке алған рейстер Атырау мен Маңғыстау облыстары арқылы өтуде.

Қазақстан қалаларындағы әуежайларда транзиттік маршрут саны артуы мүмкін. Ал бұл, сәйкесінше, бюджетке түсімді ұлғайтады.

Мәскеуден Мысырдың Хургада қаласына ұшуы тиіс болған жолаушылар. Жаңа ғана өзі сапарға аттанғалы тұрған әуе кемесінің неліктен тұп-тура Мысырға тартпай, Ақтаумен айналатынын түсінбей шу шығарып жатыр. Бірақ айналма жолға түскен жалғыз бұл жолаушылар емес. Флайтрадар сайтындағы Қазақстан картасына қарасаңыз құжынаған ұшақ рейстен көз сүрінеді. Өйткені Украиндағы жағдайға байланысты қазір Еуропа елдерінің әуе кеңістігі Ресей ұшақтары үшін жабық. Қарап қалған Ресей жоқ. Тура осы әдісті қарсы бағытта қолданды. Сондықтан Қазақстан аспанымен ұшудан басқа жол жоқ. Қазір еліміздің әуе кеңістігімен ұшатын рейс саны бір күнде мыңнан асып жығылады. Олар негізінен еліміздің батыс аймағы арқылы өтіп жатыр.  

Ардақ Өтепов,  Азаматтық авиация комитеті басқармасы төрағасының орынбасары:

- Қазақстан әуе кеңістігін пайдаланушылар көбейіп жатыр. Бұрын күніне 600 рейс болса,  қазір 1000-нан аса ұшырылып жатыр. Қазір Northsween, «Северный ветер» деген әуе компания және де «Белавия» ұшайын деп жатыр. Ақтауда техникалық қону жасап ұшайын деген  жоспарлары бар.

 Шетелдік әуе компаниялары Қазақстан аумағынан ұшып өтуі үшін «Казаэронавигация» компаниясына ұшу жоспарын таныстыру тиіс. Өлшеп-пішіп, шешім шығару үшін бір-екі сағат жеткілікті дейді мұндағылар. Ал ел аумағына қону керек болған жағдайда ғана іске Азаматтық авиация араласады. Ел аспанынан шетелдік рейс ұшып өткені үшін 100 шақырымға шамамен 80 доллардай төлейді. Бірақ бұл тек бастапқы төлем. Әуе кемесінің салмағына қарай төлер қаражат көбею түсуі мүмкін.

Фаат Богдашкин, «Қазаэронавигация» РКК бас директорының орынбасары:

- Әуе компаниясы кез келген елдің әуе кеңістігінен ұшып өткенде авиациялық алым төлейді. Авиациялық  алым дегеніміз не? Бұл біз сатып алатын құрылғы-жабдық, навигатор, инженерлік-диспетчерлік құрамның жалақысы. Осының барлығын жабу үшін авиациялық төлем алыналы. Егер рейс көбейсе, түсер қаржы да көп болады.

Азаматтық авиация комитетінің болжамынша, Қазақстан аумағынан ұшып өткен шетелдік рейстерден ай сайын шамамен бір жарым миллиард пайда түсуі мүмкін. Бұл қаражат жеке әуе компаниялардың емес, толығымен мемлекеттің қазынасына кетеді. Ал ел аспанында күрт қаптаған шетелдік әуе кемелерінің отандық рейстердің кестесіне еш әсері жоқ. Олар өзгеріссіз қала береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

24 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде