Украина: Бүгін қазақстандықтардың алғашқы легі елге жеткізілді
Украинадан шұғыл түрде көшірілген қазақстандықтардың алғашқы легі бүгін елге жеткізілді. Польшаның Катовице қаласынан келген рейс алдымен Атырауға аялдайды. Бірақ ол жерден ешкім түсірілмейді. Ұшаққа жанармай толтырыла салысымен Алматыға бет алмақ. Бортта 175 отандасымыз бар.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.02.2022
Қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында.
Украинадағы Қазақстан елшілігі Катовице-Атырау-Алматы бағытындағы ұшаққа бірінші әйелдер мен бала-шаға, содан соң ғана ер-азаматтарды отырғызған.
Украинадан жерлестерді елге әкелумен айналысып жатқан отандық әуе компаниясының мәліметінше, жалпы саны үш рейс ұйымдастырылады. Біреуі бүгін қонса, екіншісі ертең, ал үшіншісінің уақыты әлі белгісіз. Бүгінде Катовице қаласында 142 азаматымыз екінші рейсті күтіп отыр. Оларға Украинаның Львов қаласындағы консулдықта тіркеуден өткен 40 қазақстандық, Харьковтан Львовқа әкелінетін 12 азамат қосылады. Қазіргі уақытта елшілік орналасқан Киевте атыс-шабыс жүріп жатыр. Бейбіт тұрғындардың қаладан тез арада шығуы туралы ресми хабарлама келген соң, Қазақстан елшілігіне өзге елдің азаматтары да эвакуациялау туралы өтініш жасап келген.
Дархан Қалетаев, Қазақстанның Украинадағы және Молдова республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Ресей әскерінен хабар келді. «Бейбіт тұрғындар Киевтен бүгін-ертең шықсын» деп. Жолды ашқан. Мен өзім фейк пе деп ойлап едім, жоқ, ресми хабар екен. Сондықтан асықтырып жатырмын қазақтарды. Жылдам қаладан шығарып жіберейін деп. Қазір соған байланысты бізге көп қазақстандық емес, Қазақстанда тұрған, Қазақстанда туыстары бар көп азаматтар, әсіресе Ресей азаматтары бізге көп келіп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!