Ұлттық экономика вице-министрі теңге тұрақталады деп сендірді
Доллар тағы қымбаттады. Биржадағы бүгінгі саудада АҚШ валютасы 495 теңгеге барып тоқтады. Айырбастау орындарында тіпті 500-ден асып кетті. Қазақстан қор биржасы сыртқы қаржы нарығындағы жағдайға байланысты сауда-саттықты түскі үшке дейін тоқтата тұруға мәжбүр болған.
Автор: Мақсат Мәлік
28.02.2022
Оған дейін ақша айырбастау пунктері де жұмыс істеген жоқ. Десе де рубль санкциялар кесірінен құнсыздануына орай мың құбылған теңге жақын күндері тұрақталады деп сендіреді шенеуніктер.
Доллардың бағамына алаңдаған жұрт бүгін әрі-сәрі күй кешкені рас. Есіктері тарс жабылған ақша айырбастау пунктерінде сілтідей тыныштық орнады. Валюта бағамы жазылатын тақтайшалар да көңілге кірбің ұялатып тұрды. Өйткені ешбір жерде шетел валютасы сатылған жоқ.
Арчин Ғалымбаев, Қазақстан ақша айырбастау пункттері қауымдастығының төрағасы:
- Бағамның жайын білмегендіктен елдегі ақша айырбастау пунктері жұмысын тоқтатты. Рубльге қатысты сауда-саттық ашылғанда Ресейдегі бағам 50 пайызға өсіп кетті. Біз қазір елімізде доллар бағамы қандай болатынын білмейміз. Сондықтан қор биржасындағы сауда-саттық уақытша тоқтатылды.
Ұлтық банк басшылығы Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың тоқтағанын, сыртқы қаржы нарықтарындағы жағдайдың өзгеруіне байланысты деп түсіндірді. Сол себепті оның уақыты түскі үшке шегерілген. Сол кешігіп басталған биржадағы саудада АҚШ ақшасының бағамы 495 теңгеге жетіп бір-ақ тоқтады.
Наталья Хорошевская, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Сауда-саттық көлемі 159 миллион 500 мың жолларға жетті. Бұл көрсеткіш кейінгі үш айдағы сауда-саттық көлемінің ең жоғарысына сәкес деуге негіз бар. Ал 1 АҚШ доллары 495 теңгеге тең. Бұған дейін жұма күні 1 АҚШ доллары 466 теңгеге бағаланған болатын. Яғни доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 6,7 пайызға қымбаттап отыр.
Қор биржасында сауда-саттық басталысымен ақша айырбастау пунктері жұмысын қайта жандандырды. Таңнан бері бос тұрған тақтайшаларға валютаның жаңа бағамы ілінді. Бірақ кейбір ақша айырбастау орындарында 1 АҚШ доллары 504 теңгеден сатылып жатыр.
Ақша айырбастау пунктеріне ағылған халықтың да қарасы көп. Бірақ сарапшылар асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ деп есептейді. Дағдарысқа қарсы жоспар құруға кіріскен шенеуніктер де сондай пікірде. Алайда ресейлік рубльдің құнсыздануы экономикамызға кері әсері барын жасырмаған ұлттық экономика вице-министрі жақын күндері теңге тұрақталады деп сендірді.
Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:
- Экономиканы бағамдық тәуекелдерден қорғау үшін ұлттық экономиканы дамытып, импортты алмастыратын жолды дамыту қажет. Өйткені бағамдық секірулер негізінен тұтынушылық тауарларға соққы береді. Бізде тұтыну тауарларының Ресей Федерациясынан айтарлықтай импорты бар. Сондықтан отандық өндіріс есебінен бұл тауарлардың ұсынысын дамыту керек.
Айта кетейік, мұнай бағасының өсуі де теңгенің қазіргі жағдайына еш көмегі болмай тұр. Себебі Ресейге салынған санкциялардың кесірінен бағы тайған рубльдің көңіл-күйі теңгеге қатты әсер етіп жатыр. Рубль құлдыраған сайын ұлттық валютамыз да құнсызданып, үш күннің ішінде 30 теңгеге жуық арзандады. Ал АҚШ долларының құны Ресейде 100 рубльден асып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!