Түркістан облысында 10 шақты жүк көлігі шекарадан өте алмай, бір ай тұр
Түркістан облысында сұйық май тиеген 10 шақты жүк көлігі шекарадан өте алмай тұр. Өзбекстандық жүргізушілер Шымкенттен тауар тиеп Ауғанстанға жеткізбекші болған. Алайда Қапланбек бекетінде құзырлы орындар тоқтатып, контрабанда тасуларың мүмкін деп бір айдан бері ұстап отыр.
Автор: Бек Әбиев
28.02.2022
Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері көлік пен тіркеменің құжаттарын да алып кетіпті. Ақшасы таусылған жүргізушілер шекарадан өткен әркімге алақан жайып қайыршы болдық дейді.
Ақпан айының басында Шымкенттегі май зауытынан өсімдік майы мен мақта майын артып Ауғанстанға жеткіземіз деп ойлаған бұл жүргізушілер Қапланбек кеден бекетіндегі автотұраққа жіпсіз байланды. Себебі: кеденшілер мен экономикалық тергеу департаментінің өкілдері тауарларың контрабанда болуы мүмкін деп жабық жүктерді ашқызып, әр тіркемедегі бірнеше құты майды сараптамаға деп алып кеткен. Тіпті 11 көлік жүргізушісінің көлік құжатын да алып қойыпты.
Ильхом Чариев, жүргізуші:
- Май зауытынан жүк тиеп шыққан соң Шымкенттегі кеденшілер жүк құжаттарын тексеріп, «бәрі заңды, кете берулеріңе болады» деді. Бірақ Қапланбек кеден бекетінен өтіп жатқан кезде тауарымыз күдік тудырып, ұстады. Алғашында «ары кетсе, үш күннен соң кетесіңдер» деген еді. Енді тұрғанымызға бір ай болып қалды. Ешкім ештеңе түсіндірмейді. Біз қарапайым тасымалдаушымыз ғой, жазығымыз не?
Шекарада тұралап қалған жүргізушілер тапсырыс берген Ташкенттегі логистикалық компанияға, құзырлы орындар, Қазақстандағы
Елшілік пен май зауытына да сан мәрте хабарласқан. Бірақ ешкім елең етпепті. Жолға алып шыққан қаржысы таусылып, енді нағыз қайыршыға айналдық дейді олар.
Автотұрақта қаңтарылып тұрған көліктердің өзі жүргізушілердің қалтасына салмақ салады. Себебі: алғашқы үш күнде 16 мың теңгеден төлеп, әр көлікке тәулігіне 2 мың теңгеден беруі тиіс. Тіпті ас-суына қаржысы қалмағандарға осында келіп-кететін өзге жүргізушілер көмектесіп жатыр.
Әр көліктің тіркемесінде 23 тоннаға жуық май өнімдері тұр. Оны экономикалық тергеушілер мөрлеп кеткен. Мөрі жұлынса, тағы айыппұл салына ма деп қорыққан жүргізушілер көліктерінен ұзауға да қорқады.
Абдулрашид Хамитов, жүргізуші:
- Мұндағы 11 жүргізушінің барлығы көпбалалы әкеміз. Бәрін үйінде отбасы күтіп отыр. Мысалы, осы күндердің ішінде біріміздің енеміз көз жұмды. Тағы біреуінің анасы ауырып жатыр. Елге ұзақ уақыт бара алмаған соң, жақындарымыз үрейленіп жатыр. Біздің құжатымызды беріп, тауарды қоймаға түсірсін де бізді қайтарсын деп өтінеміз.
Қазір тергеу жүргізіп жатқан Түркістан облысының экономикалық тергеу департаментіндегілер тіркемеде шетел асуға тыйым салынған азық-түлік болуы мүмкін дейді. Егер ондай болса, жүргізушілерден бұрын Шымкенттегі май зауыты да тұтылуы мүмкін. Сондықтан сараптама тағайындап, қортындысын күтіп отырғанын айтады. Ал зауыттан шыққан құжаттарды тексерген кеденшілер жүк құжаттарында мін болған жоқ дейді.
Гүлназия Жұмаділова, Шымкент кеден рәсімдеу орталығының жетекші маманы:
- Ол кісілер барлық ілеспе тіркеу құжаттары бар, енді жақсы зауыт деп ойлаймыз. Мен ойламаймын, бір күндік фирма емес заңды бұзатындай. Құзырлы органдар өздері шешім қабылдап, талдау жүргізіліп жатыр деген болып тұр. Ол шешім шықпайынша, ешкім айта алмайды.
Ал тергеудің қаншаға созылатыны белгісіз. Нәпақа табамыз деп шекарада байланғандардың тағы қанша уақыт қаңтарылатыны түсініксіз. Жат елде жіпсіз байланғандарға Өзбекстан елшілігі көмектеспесе, жүргізушілердің жанайқайын әзірге ешкім естір емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!